Саясат
Дүнгендер ұйымының басшысы Қордай туралы
Ұйым жетекшісі өзінің Facebook парақшасында қазіргі Қордайдың фотосын жариялап, көптен күткен қардың түскенін хабарлады. Бірақ ұлпа қардың астында қайғылы оқиға іздерінің жатқанын еске салды. Сол кезде 11 адам қаза болып, 200-ден астамы жарақат алды.
Осы орайда дүнгендердің басшысы "Кінәсі жоқ бейбіт адамдарды не үшін өлтірді?", "Құқықтық мемлекет болып саналатын қазіргі Қазақстанда ондай мүмкін бе?", "Шынымен де, бұны ұлы Абай, Шоқан Уәлиханов, Қожа Ахмет Яссауи, Абылай хан, Қасым хан, Төле би мен Қазыбек бидің ұрпақтары жасады ма?", "Жеті атасын білетін әрі батыр бабаларының абыройын бағалайтын, Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен эвакуацияланған миллиондаған адамға пана берген халықтың ізбасарлары істеді ме?",- деген сұрақтарға жауап іздейді.
"Бұл халық кезінде Таяу Шығыс пен Кавказдан депортацияланған мыңдаған этносты бауырына басқан. Жоқ!!! Мұны істеген қазақтар емес! Мұны ксенофобия мен ұлтшылдық ұрандарына салынған қылмыскерлер мен қарақшылар, оңай олжаға көз алартқан тонаушылар, біздегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың қарсыластары жасады. Оларға түрлі-түсті төңкерістер технологиясымен шетелдің эмиссарлары басшылық етті. Ал қазақтар бізді құтқарды!", - деп жазды Дауров.
Оның айтуынша, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қазақтар дүнген отбасыларына көмек көрсетіп, қауіп-қатерден аман алып қалды.
"Қуаныш деген фермер өз үйінде дүнгендердің бірнеше отбасын жасырды. Айнұр, Азамат пен Соня деген дәрігерлер де тура солай істеп, балалары бар бірнеше отбасыны құтқарды. Егде жастағы бір әйел екі жігітті аман алып қалды да, өз үйінде шай берді. Ондай фактілер көп", - дейді Дауров.
Ұйым жетекшісі Қордайдағы қақтығыстың негізгі себеп-салдарын анықтау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, Дауров Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жетілдіру керек деп санайды.
Қордайдағы оқиға
7 ақпанда Қордай ауданының Масанчи ауылында жаппай төбелес болып, оның соңы тәртіпсіздікке ұласқан. 8 ақпанда ауданда техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды.
Зардап шеккен 176 адам медициналық көмекке жүгінген, 41-і ауруханаға жатқызылды. Он адам көз жұмды. 13 ақпанда екі күн бұрын Масанчи ауылында үйінді астынан бір адамның денесі табылғаны белгілі болды, оның 7 ақпандағы тәртіпсіздік салдарынан немесе басқа жағдайда қаза болғанын сараптама нәтижесі бойынша анықталады.
Мемлекет басшысының шешімімен бірқатар шенеунік пен полицей қызметінен кетті. Облыс әкімі ауысты.