Bugin
Қазақтың біртуар азаматтары...
Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы - Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейхановтың қазақ ұлты үшін орны бөлек. Қазақ қоғамында Әлихан Бөкейханды ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы деп қарастырады. Ол 1870 жылы, наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген.
1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады. 1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады.
Бутырка абақтысына қамалған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым. Ол қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде 1897 жылы 28 қыркүйекте дүниеге келген. «Абай жолы» – Мұхтар Әуезовтың әлемге әйгілі роман-эпопеясы. «Абай жолы» – қазақтың көркем прозасын классикалық деңгейіне көтеріп, әлем әдебиетіне көркемдік қуат әкелген үздік туынды.
Мұхтар Әуезов 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде, 63 жасында қайтыс болған.
Күләш Жасынқызы Байсейітова - қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. Ол 1912 жылы 2 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлбаһрам. Күләш Байсейітова 22 жасында Қазақстанның Халық әртісі, ал 24 жасында КСРО Халық әртісі дәрежесін алған талант иесі.
Күләш Байсейітова 1957 жылдың 6 маусымында Мәскеуге барған сапарында небары 45 жасында дүниеден өткен.
Тізімді 64 жасында өмірден озған Қаныш Сәтбаев, 56 жасында қайтыс болған Шәкен Айманов, небары 22 жасында қыршыннан қиылған Ғани Мұратбаев есімдерімен жалғастырып жаза беруге де болады. Өкініштісі, қазақтың біртуар азаматтарына туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмағаны...
Материалды дайындау барысында kk.wikipedia.org деректері пайдаланылды