Weekend
Қазақстанның халық жазушысы, ақын
Астана мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің дирижеры, күйші, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов күйдің қалай туғанын айтып берді.
Фариза Оңғарсынованың қазақ әдебиетіндегі алатын орны ерекше екені белгілі. Бүкіл түркі әлемінің рухани байлығына қосқан үлесі де өте мол. Ол – терең лирикалық өлеңдер жазған ақын. Сонымен қатар адамға қайрат беретін дауылпаз жырлардың да авторы. Әдебиетімізге үлкен жаңалық алып келген қаламгер ғой. Өзім біраз уақыт бойы Фариза ақынның жан-дүниесін ашатын, халқына айта алмай кеткен ойын жеткізуге тырысатын бір күй шығарсам деген толғаныста жүрдім. Өнердегі ұстазым, Астана мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижеры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов және басқа да азаматтар Фаризаға арналған күй шығатын болса, ол ұлттық өнерімізге қосқан нақты үлесіміз болатынын айтты. Маған осы тұрғыда ойланып, жаңа шығарма жазу туралы кеңес берді. Міне, жуырда ғана жаңа күй дүниеге келді,- деді композитор Нұрлан Бекенов.
Бұл Фариза Оңғарсыноваға арналған тұңғыш күй екенін айта кеткен жөн. 23 қаңтар күні “Астана” концерт залында Астана мемлекеттік академиялық филармониясы халық аспаптары оркестрінің ұжымы қолға Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш өткізгелі отыр. Сол кеште ақынға арналған жаңа әндер мен осы күй орындалады.
Фариза Оңғарсынова 1939 жылы 5 желтоқсанда Атырау облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. Биыл желтоқсан айында Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл толады. Ақын бес жыл бұрын 23 қаңтарда дүниеден өтті.