Саясат

Түн перісі: Екінші дүниежүзілік соғыста қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда Атырау облысында дүниеге келген. Ол — Екінші дүниежүзілік соғысының қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқышы, жауынгер, батыр, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы. Әкесi  Қайыр — балықшы, анасы Меруерт — мұғалiм болып еңбек еткен.

Ұшқыштық өмір жолын Оралдың аэроклубында бастап, кейін әйгілі ұшқыш Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық полкінің құрамында 300-ден астам әуе шайқастарына қатысқан Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған еді. Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз... Олардың есімдерін тек Қазақстан ғана емес, кезіндегі КСРО халықтары да жақсы біледі. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Хиуаз Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.

2008 жылы 21 мамырда  Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды.

Қанатты қыз

Хиуаз Астрахандағы балық кәсіпшілігімен айналысқан жұмысшы отбасынан шыққан. Ол кісі кезінде Мәншүк Мәметовамен бір көшеде тұрып, көрші болған. Бұл оның өзі өмірінің естен кетпес тарихи естелігі болып қалды. Есімдері тарихта мәңгі қалатын бір көшенің батыр қыздарының мінездерінде де ұқсастық бар. Алғырлық, қайсарлық, адалдық. Мектеп қабырғасын үздік бағамен тәмамдаған талдырмаш жас қыз ұшқыш болуды армандайды. Алға қойған мақсатын қайтсе де орындауға дағдыланған ол, соғыс басталған жылдары Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына қабылданбай қалса да, медицина институтынан алған білімімен тылда еңбек етіп, кейін ұшқыштар дайындайтын училищеге түседі. Өрімдей жас қыздың қайсарлығына тәнті болған атақты ұшқыш әйел Марина Раскова сол кезде-ақ оған зор үміт артқан екен. Есімдері кең тараған ұшқыш әйелдер Гризобудова, Осипенко, Расковаларға еліктеген Хиуаз Доспанова үмітті ақтайды.

«Арада ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, алғашқы әскери операцияға барғаным көз алдымда кеше ғана болғандай сайрап тұр» дейді Хиуаз апай бір сұхбатында. ...Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Алдымен жарық бергіш бомба тастапты. Себебі жау әскері мен техникасының қай жерде орналасқанын анықтап алу қажет болған. Сол сәт төңірек жап-жарық болып кетеді. Звено командирі Е. Пескова мен Х. Доспанова бұйрық түсісімен жаудың атыс ұясын бомбалай бастайды. Қашанда сақ отыратын жау әскері естерін жинап та үлгермепті. Неше мәрте бомбалап, даланың астаң-кестеңі шығып жатқанда ұшқыш қыздар аққан жұлдыздай көзден ғайып болады. Алғашқы әскери тапсырманы осылай сәтті орындаған қос қыз жан-жақтан қаумалап алған майдандастарының қошеметіне емес, өздерінің осындай маңызды іске дайын екендіктерін сезініп, қуанғанды.

Жаумен аспандағы шайқаста 300 рет болып қайтқан Хиуаз ұшақтан 14 рет құлапты. Төрт мәрте ауыр жарақат алып, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған. Жаумен шайқаста асқан ерлік көрсете білді. Қазақтың жас қызы Ұлы Отан соғысы жылдары Марина Раскова басқарған 46-гвардиялық түнгі бомбалаушы – ұшқыштар полкінде штурман қызметін атқарған.. Кейіннен Кеңес одағының батыры атағын алған Марина Чечневаның Хиуаздың шеберлігі туралы: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын»,- деп жазғандығы бекер болмаса керек. Осы ерлігі үшін оның “Түнгі жалмауыз” деген лақап аты қалыптасады.  Майдандағы ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ал төсіндегі «Еңбек Қызыл Ту» ордені соғыстан кейінгі жылдардағы елеулі еңбегінің жемісі.

Хиуаз Доспанова «Абай» операсы мен «Шоқан Уәлиханов» драмасын сахналауға, «Медеу» спорт кешенін салуға және көптеген тарихи маңызы бар еңселі ғимараттардың құрылысына ер азаматтармен иық тірестіре жүріп араласып, көптеген игі жұмыстардың ортасынан табылды. Соғыстан кейін лауазымды қызметтер атқарған Х. Доспановаға Елбасының Жарлығымен Халық қаһарманы атағы берілген болатын.