Weekend

Кәсіпкер: Шетелдік агрономдарды 20 мың долларға шақырамыз

Қазақстанда білікті агрономдар жоқ

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда білікті агрономдар жоқ. Шетелдік мамандарды 3-4 күнге шақырамыз, әр келгеніне 20 мың $ ақша береміз. Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі «Ақылды бейсенбі» жобасына қонаққа шақыртылған белгілі кәсіпкер Бақыт Бейсенбекұлы осылай дейді.  

Оқушылармен кездескен кәсіпкер алма баудың қыр-сырын жіті түсіндіріп, нарықтағы өнімнің сапасын жайлы да айтып өтті.

 – Бау – өсіресің, көбейтесің, көгертесің. Қиыншылығы өте көп. Бұршақ, жаңбыр, қарда қамдануың керек. Уайымы көп. Ағаш гүлдеп, жеміс салып тұрған кезде рахат аласың. Алма бауына қолайлы аймақ Түлкібас пен Төлеби ауданы. Ағаштың айнасы жапырағы. Жапырағында өзгеріс болса, онда алманың қандай да бір ауруы бар деген сөз. Сосын агрономның көмегіне жүгінеміз. Біздің серіктестің қарамағында 850 гектар жер бар. Қазіргі таңда 190 гектар жерге алма ектік. Бауда 43 түрлі сорт алма бар. Қазақстанда алма рыногы өте кең. Елімізге Польшадан, Ираннан, Әзірбайжаннан алма келеді. Шетелдік өнім отандық бағбандың өнімінен әлдеқайда көп. Өзіміздің нарықты қамтамасыз ете білсек, оның өзі үлкен жетістік. Бауды әлемдік деңгейге жеткізу үшін біраз еңбектер атқарылып жатыр. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетінің Плодфакпен байланыс жасаймыз. Сол жақтың студенттері біздің серіктеске келіп, практикадан өтеді. Одан бөлек, Түркиядан, Украйнадан, Польшадан арнайы агроном-консультанттарды шақырамыз. Өкінішке орай, әлі күнге дейін әлемдік деңгейге жете алмай жатырмыз. Бірақ жоспарымыз сол деңгейге шығу, - дейді бағбан.

Кәсіпкер 1 гектар интенсивті баудан 60-70 тонна өнім алады. 10 мың тоннадан астам өнім алады.

Сондай-ақ, шақыртылған қонақ «Экономист, финансист» мамандығын меңгергенін, еңбек жолын Түркістан қаласындағы қаржы бөлімінің бас маманы болып бастаған да ашып айтты. Мемлекеттік мекемеде 15 жыл еңбек етіп, төменгі қызметтен басшылық лауазымға дейін көтерілгенін жасырмады. Бірақ, бұл саланың да өзіндік қиындығы бар екенін атап өтті. Бірақ бұл мамандықтың бағбанға пайдасы тимесе, зияны тимеген.

 – Мен өзім агроном болмасам да, бір деңгейде сұрақ қойып, бір деңгейде жауап ала аламын. Кәсіби агрономдармен жұмыс істеуге мүмкіндігім бар. Қазіргі таңда агроном табу өте қиын. Өз елімізде ғылымға көңіл бөлмей, ол саланы көркейту өте қиын. Шетелдік мамандар айтқан кеңестері біздің өңірге сай келе бермейді. Топырақтың құнары оңтүстік әр ауданында әртүрлі. Сондықтан, кеңестің керегін алып, қажетсізін сырып қоямыз, - дейді кәсіпкер.

Басқосуда оқушылар бағбанға көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, қызықтырған сұрақтарына жауап алды.