Саясат

Қордайдағы қақтығыс: Билік қанша адамның ұсталғанын әлі айтпай отыр

"90-ға жуық" іс. Билік қанша адам ұсталғанын айтпады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан билігі Жамбыл облысындағы ұлтаралық жанжалдан соң 90-ға жуық сотқа дейінгі тергеу ісі басталғанын хабарлады. Ақпанның 7-і кешке болған қақтығыстар салдарынан кемінде 11 кісі қаза тауып, жүзден астам адам жараланды, ондаған үй өртенді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында ақпанның 8-іне қараған түні, негізінен этникалық дүнгендер тұратын бірнеше ауылда көп адамның қазасына себеп болған қанды оқиғаларға байланысты тергеу орындары "90-ға жуық" іс қозғап, жүздеген адамнан жауап алған. Бұл туралы ақпанның 19-і күні Нұр-Сұлтанда журналистерге Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді.

Биліктің ақпараты бойынша, дүнгендердің иелігіндегі үйлерді өртеп, қиратқан ұлтаралық жанжалдың алдында Қордай ауданында екі оқиға болған. Оның бірінде, ішкі істер министрлігі бұған дейін хабарлағандай, жолға таласып, шекісіп қалған екі көлік жүргізушісі арасындағы кикілжің төбелеске ұласып, жүргізушілердің бірінің қарт әкесі зардап шеккен. ІІМ-нің мәліметінше, екінші оқиғада жол үстінде тоқтатып, бөлімшеге баруды талап еткен полицейлерге бағынудан бас тартқан көлік жүргізушісі туған-туыстарымен бірге билік өкілдеріне қарсылық көрсеткен.

"Полиция қызметкерлеріне бағынбай, жанжал шығаруға қатысы бар үш адам ұсталып, іс сотқа жолданды. Осы оқиғаларға себеп болған тағы бір жайт – қарт адамды ұрып-соғуға қатысы барлар да анықталып, қамауға алынды" деді Марат Қожаев. Ақпанның 18-і күні бас прокуратура Қордай ауданында тұратын Воингуй отбасынан шыққан ағайынды үш азаматтың "полицияға шабуылдады" деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеген еді.

Қазақстан билігі Қордай ауданындағы оқиғаларға байланысты "жаппай тәртіпсіздік", "адам өлтіру", "тонау" қылмыстарына күдікті ретінде ұсталған және тұтқындалған адам саны қанша екенін айтпай отыр.

"Қазір тергеу жүріп жатқандықтан, өзге арандатушылар жайлы ақпаратты кейін аласыздар. Айғақ-дәлел жинау жалғасып жатыр. Жақын күндері қалай болғаны, кімдер екені туралы ақпарат береміз. Біз ештеңені жасырмаймыз, қажет болған кезде барлық мәліметті сіздерге береміз. Қылмыстық іс өте көп, күн сайын қосылып жатыр" деді ішкі істер вице-министрі.

Марат Қожаев адам өлтіру фактілеріне байланысты 11 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оның сөзінше, ұсталғандар арасында күш құрылымдары қызметкерлері жоқ.

Бұған дейін Қазақстан билігі қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығысқа жолдағы кикілжің себеп болған деп мәлімдеген еді. Ақпанның 8-іне қараған түні Қордай ауданындағы Сортөбе, Масанчи, Ауқатты және Бұлар батыр ауылдары ойраннан зардап шеккен.

Азаттық радиосы