Экономика

«Томирис» фильмі: Қазақфильм мен Ақан Сатаев соттасып жатыр

«SATAIFILM қаржылық есепті толық тапсырмаған»

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақфильм мен режиссер Ақан Сатаев бір-бірімен «Томирис» фильмі үшін соттасып жатыр. Киностудия SATAI FILM компаниясы мемлекеттік сатып алулар туралы келісімшартты бұзып, қаржылық есепті толық тапсырмады деп айыптады. Ал режиссер келісімшартта құжаттардың нақты тізімі жасалмағанын алға тартып отыр.

Жақында бұқаралық ақпарат құралдарында «SATAIFILM» ЖШС Қазақфильм киностудиясынан «Томирис» фильмі үшін 9 миллионнан астам теңге төлеуін талап етіп, сотқа бергені туралы ақпарат тараған еді. Олардың дауына келісімшартта құжаттардың нақты тізімі жазылмағаны себеп болғаны да айтылған.

Қазақфильм мен «SATAIFILM» ЖШС келісімшартты 2019 жылдың 12 мамырында жасаған. Заң бойынша компания келісімшарттарын былтырғы жылдың 31 желтоқсанына дейін орындауы керек болған. Дегенмен Есеп комитеті жүргізген мемлекеттік аудиттен кейін арнайы комиссия құрылып, техникалық талаптардың орындалмағаны анықталды.

«Ақан Сатаевтың студиясы мемлекеттік сатып алу туралы келісімді орындау бойынша қаржылық есепті толық тапсырмаған. Олар үш күн ішінде бұл олқылықты жоюы керек еді. Дегенмен SATAIFILM компаниясы қосымша құжаттарды (шығындарды дәлелдейтін келісімшарт, акт, шот-фактура) тапсырмады», - деді Қазақфильмнің баспасөз қызметі.

Олардың хабарлауынша, киностудия да Ақан Сатаевтың компаниясын сотқа берген.

Айта кету керек, Қазақфильм бұған дейін «Томирис» фильміне 2,5 млрд теңге бөлінгенін хабарлаған еді.

«SATAIFILM»-нің салық төлемдері:

2013 ж. - 48 782 700 тг;

2014 ж. - 55 126 400 тг;

2015 ж. - 108 428 600 тг;

2016 ж. - 873 200 тг;

2017 ж. - 85 013 900 тг;

2018 ж. - 285 887 900 тг;

2019 ж. - 93 175 200 тг.

                                                                                                                                                Азаттық рухы