Әлем жаңалықтары
Коронавирус төндірген қауіп
Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны бір күнде екі есе өсті. Мұндай көрсеткішпен Оңтүстік Корея Қытайдан кейін екінші орынға шықты.
Сенбі күні Оңтүстік Корея билігі тағы да 229 адамның коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді. Елде бұл дертпен ауырғандардың жалпы саны 433-ке жетті.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ким Ган Нип: «Оңтүстік Кореяда вирустың таралуы елеулі деңгейге жетті», деп мәлімдеді. Бүгінде аталмыш дертпен ауырған екі науқас көз жұмған. Билік олардың саны артуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.
Ауырғандар саны бойынша Оңтүстік Корея Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Ал Қытайда сенбі күні ауру жұқтырғандар саны – 76288-ге жетсе, оның 2345-і қайтыс болған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, Қытайдан тыс 26 мемлекетте 1200-ден астам ауру жағдайы тіркелген. Оның ішінде Италияда 79 адам коронавирус жұқтырып, екі адам қайтыс болған. Ал Иранда қайтыс болғандар саны бес адамға жетіп отыр.
Жапония жағалауындағы «Даймонд Принцесс» лайнерінде 600-ден астам адамға коронавирус жұқтырған деген диагноз қойды.
Оңтүстік Кореядағы жағдай
Сенбі күні Оңтүстік Корея билігі 142 адамның коронавирус жұқтырғанын анықтады, бірақ бірнеше сағаттан кейін бұл көрсеткіш 229-ға дейін артты.
Денсаулық сақтау министрі орынбасарының айтуынша, 229 науқастың 95-і Чхондо ауданындағы аурухананың психиатриялық бөлімшесінің емделушілері болған.