Саясат

Жанболат Мамай қорытындысы: «Митинг өте сәтті болды!»

22 ақпан күні Демократиялық партия белсенділерінің жаппай шеруі өтті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кеше Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай youtube желісінде «Демократиялы Қазақстан» арнасынан тікелей эфирге шықты. Қоғам белсендісі бұл жолғы эфирде 22 ақпанда өткен бейбіт жиындар туралы сөз қозғады. Жанболат Мамайдың эфирде айтқан сөздерінен үзіндіні назарларыңызға ұсынамыз.

Демпартия мүшелері съездің орнына неге митингіге шықты?

Комиссия партияның бастамашыл топ және ұйымдастыру комитетітінің мүшелерін өңір-өңірде қудалауды бастады. Партия белсенділері кемінде 5 тәулікке бас бостандығынан айырылды. Соның салдарынан 3-4 өңірдің өзінен 100-ден астам адам съезге келе алмады. Бұл жерден оларға биліктің ашық түрде қысым көрсеткенін аңғаруға болады. Билік олардың кейбірін түрмеге қамады, пойыздан түсіріп алды, енді бірін тергеуге шақырды. Ал біз олардың құқығының тапталып жатқанына байланысты митингіге шығуды ұйғардық.

Митингінің қысқаша қорытындысы

Митингіге бүкіл Қазақстаннан 300 адам шықты. Оның барлығы дерлік түрмеге қамалды. 300 адам... Бұл елімізде саяси реформалар мен өзгерістер жасау үшін жоғары көрсеткіш емес. Алайда негізгі мәселе халықтың неге көп шықпағанында.

- Біріншіден, бейбіт шеруді полицияның көп бөлігі бақылауда ұстады. Бүкіл полиция өкілдерінің аңдығаны митингіге шыққандар болды. Алматыдағы бір ғана алаңда 5000-нан астам полиция жиналды.

- Екіншіден, билік бас прокуратура арқылы халықтың арасына үрей жіберді.

- Үшіншіден, әрбір демпартияның бастамашыл топ мүшелерінің үйінде полиция қызметкерлері тұрды. Нақты айтатын болсақ, кемінде 4-5 қызметкер үйді торуылдады.

Бұл митингі - халықтың жеңісі. Неге?

- Митингіге шығушылар Қазақстанда ешқандай саяси реформалардың жоқ екенін;

- еліміздің полициялық мемлекет екенін;

- полиция мен билік өкілдерінің ел тұрғындарының Конституциялық құқығын аяқ асты ететінін;

- билік халыққа бейбіт митингіге шығуға мүмкіндік бермейтіндігін бүкіл әлемге көрсетті.

Бір митингіні басуға 30-35 000 полиция қызметкері жұмылдырылды. Кешегі митинг Қазақстанды саяси өзгерістерге бір табан жақындатты.

«Біз Назарбаев жүйесі абыройының тас талқанын шығардық. Олардың өтіріктерін әшкереледік. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында ешқандай биліктің жоқ екенін көрдік, әрі көрсеттік. Билік әлі де Назарбаевтың қолында», - деді ол тікелей эфирде.  

Митингіге дейінгі тұтқындау

Билік 21 ақпан күні мені тұтқындады. Сол күні таңғы сағат 4-ке дейін демпартия жақтастары полиция бөлімшесінің алдында біздің бостандығымызды талап етті. Тұтқындалудың Қаскелеңде болғанына қарамастан, біршама адам жиналды. Мені 3 тәулікке қамады. Бүкіл полиция, прокуратура басшылары сонда болды. 23 ақпанда олар мені үйге әкеліп тастады. Негізгі 3 тәулікке қамалғаным, әртүрлі агенттіктердің ақпарат таратқанынан болса керек, 1 тәулікке қысқарды. Мені билік халықтың алдында сөз сөйлемесін деп қамады. Сонымен қатар халық арасында үрей жіберу мақсатында қамады.

Демпартия әрі қарай қандай әрекеттерге барады?

Біздің мақсатымыз – билікті демократиялық партияны ресми түрде тіркеуге мәжбүрлеу. Біз демпартияны құру ісін одан әрі жалғастырамыз. Бұл туралы тағы да мәлімдеме жасаймыз. Біз демпартияны құру идеясынан бас тартпаймыз. Бұл партия іс жүзінде құрылды деуге болады. Біз бастаған ісімізді аяқтамай тоқтамаймыз. Алдағы уақытта заңдастыру жағына да кірісеміз. Тағы да съезд өткізуге дайындаламыз. Оған мұрсат бермесе, тағы да митингіге шығамыз. Біздің мақсатымыз - саяси ұйым ретінде құрылу ғана емес, еліміздегі барлық саяси тұтқынды бостандыққа шығару.

Партия жетекшісі халыққа эфир барысында тағы да үндеу жолдады. Онда: «Билік ешкімнің басын кесіп алған жоқ. Келесі митингілерден қорықпаңыздар! Келесілеріне шығыңыздар! Сонда өз талаптарыңызды қойыңыздар!» - деді.