Қазақстанның қай өңірлеріне газ тартылмақ? - на bugin.kz
Саяна Сейтқожа - на bugin.kz Саяна Сейтқожа

4 аймаққа

Табиғи газ – мұнай өнімдерінің басқа түрлерімен салыстырғанда отынның барынша экологиялық таза түрі болып табылады. 

Әсіресе, өңірлердің экологиялық сезгіштігі және Жер шарындағы климаттың өзгеруі аясында, табиғи газ жанған кезде түтін шықпауы, өзінен кейін күл қалдырмауы, планета атмосферасы үшін тиімді. 

Бүгінде, Қазақстан Республикасы елді мекендеріне газдың жеткізілуін қамтамасыз ету "ҚазМұнайГаз" басым міндеті болып табылады.  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ «инвестицияларға айырбастайтын тарифтер» формуласы бойынша Қазақстанның өңірлерінде ірі инвестициялық жобалар табысты іске асырылуда. Компания мыңдаған километрдегі тозған газ құбырларын жаңа, сапалы әрі сенімді құбырларға ауыстырды. 2015–2021 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жалпы ұзындығы 5 мың км жуық газ құбырларын салу жоспарланды, деректерге сүйенсек, 2015–2017 жылдары 3,955 мың астам км газ құбырлары салынды:

  • Қызылорда облысының 5 елді мекені ( Арал қ, Әйтеке би кенті, Шиелі кенті, Жаңақорған кенті және Байқоңыр қаласы);

  • Ақтөбе облысының 10 елді мекенінде (Богословка, Комсомол, Еңбек, Талдысай, Қосестек, Аққұдық, Ырғыз ауылдары, Алтынды, Ойыл, Жайсан кенттері),

  • Қостанай облысының 8 елді мекені (Қашар, Октябрь, Ғылыми Тоғызақ, Антоновка, Алчановка, Ворошиловка, Қарабалық, Боскөл кенттері);

  • Маңғыстау облысында (Жарма, Басқұдық, Батыр, Боранқұл, Бейнеу ауылдары) 5 елді мекен, газдандыруды жалғастыру – Бейнеу ауылында және Мұнайлы ауданының Батырдың маңында.

2018–2021 жылдары «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бекітілген инвестициялық бағдарламалар шеңберінде С. Шапағатов ауылын, Маңғыстау, Бейнеу ауылдарын, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласын, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысын газдандыру бойынша жұмысты жалғастыратын болады. 740 км  жаңа газ құбырлары салынуы тиіс. Өңірлерді газдандыру және 2015–2021 жылдарға арналған Қазақстанның газ бөлу жүйелерін жаңғырту бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ инвестициялық бағдарламаларының жалпы сомасы 122 млрд астам теңгені құрайды. 

Елімізде газдандырылмаған төрт облыс бар. Олар – Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстары.  Ақмола және Қарағанды облыстарының бір бөлігін "Сарыарқа" магистральды газ құбырын салу арқылы 2019-2021 жылдары газдандыру жоспарланып отыр. Әуелі Қызылордадан Астанаға дейін газ құбыры тартылады. Ұзындығы 1081 шақырым құбырына 267,3 млрд теңге жұмсалады деп күтілуде. Оны тарту барысында шамамен 800-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал, пайдалануға берілетін кезде, күнделікті тұрақты жұмысқа – 200 орынға қызметкерлер тартылмақ. Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда, ұлттық оператор "ҚазТрансГаз" 10 аймаққа газ жеткізіп отыр. Халықтың қалтасына салмақ түсірмеуді министрлік ойластырған. Қалай? 

"ҚазТрансГаз" өңдеушілерден газды қымбатқа сатып алады, ішкі нарыққа арзан бағамен сатады. Егер газды алған бағасына үстеме қосып сататын болса, жұрт арзан газға қол жеткізе алмас еді. Сәл түсіндіре кетсек... Газдың да бөлшек сауда (розничный) және көтерме сауда бағасы (оптовый) болады. Дүкендегілер көтеріп сатып алып келіп, үстіне баға қосып сатады емес пе? Міне сондай. Мысалы, Алматы қаласында газды 23 теңгеге, яғни шекті бағаға сатып аласыз. Ал газ қанша жерден қымбаттап кетсе де, министрлік бекіткен осы шекті бағадан 15 пайыздан ары аспауы керек. Еліміз бойынша газдың құны Атырау, Ақтөбе облысында арзан. Атырау, Ақтөбеде жергілікті газ өндірілетін болғандықтан, тасымалдауға кететін шығын аз. Сол себепті, Ақтөбеде газдың текшеметрі – 9,96 теңге. Ал, заңды тұлғалар мен бюджет қаражаты есебінен ұсталатын бюджеттік ұйымдарға – 14,99 теңге/м3. Одан төмен баға тек Атырау облысында ғана – 8,01 теңге/м3. 

Қорытындылай келе, елімізде газдандыру деңгейі шамамен 50%-ке жетті. Батыс пен Оңтүстіктегі 9 облыс газбен қамтамасыз етілген. Орталық және Солтүстік өңірлерге газ толық жетпеген. 2018-2025 жылдары тағы 173 елді мекенді газбен қамту жоспарлануда, нәти­жесінде 354 елді мекен газдандырылып, 94%-ға жететін болады.

0 Пікір Кіру