Сараптама

«Қазақ әлемі»: Жириновский неге қазақ бола алмады?

Қазақ қоғамы қазақтанып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кездері көптеген сарапшы «қазақ әлемі» туралы жиі сөз қозғайтын болды. Бұл ұғымның бет-бедері, кескін-келбеті айқындалып та келеді. Әзірге ерте көктемдегі қылтиып атқан бүршік түрінде. Әрине, ел ішінде бұған қарсылық аз емес. Бұл кейбір этникалық топтардың үрейленуіне әкеп соғып жатыр. «Қазақстан қазақтанып барады, бұлай кете берсе, бәріміз түбі қазақтанып кетеміз» дегендей.

Шынын айту керек, экономикалық қиыншылықтарды айтпағанда, тарихи отандарына асығудағы басты себептердің бірі – осы. Ұрпағының өз ұлттық болмысын сақтап қалу мәселесі алыс және жақын шетелдегі қазақтарды да толғандырып, елге оралуына да, көшуге шешім қабылдауына түрткі болғаны, болары құпия емес.

Ресей саясаткері Жириновский Қазақстаннан не үшін кеткенін былай деп түсіндірген еді: «Теледидарды қоссам – қазақша, радионы қоссам – қазақша. Қолымды бір сілкідім де, Ресейге көшіп кеттім». Қазақтарды, қазақ тілін қабылдай алмағандар әлі де көшері хақ. Бірақ кеткісі келмейтіндер әлдеқайда көп. Олар саналы түрде таңдау жасап, осы елдің азаматы болып қала береді.

Ресей билігі ашық қолдап отырған «орыс әлемі» идеясы мен «қазақ әлемінің» арасы – жер мен көктей. «Қазақ әлемі» өзге елдерге өз мәдениеті мен тілін, тарихын таңып, тықпаламайтыны анық. Қазақ билігі бұл жерде сақтық жасап келеді. Ақырын жүріп, абайлап басуды ұйғарған секілді. Әйтсе де, қоғам тарапынан үлкен бастама бар. Еуразиялық интеграцияның жаршысы болып жүрген саясаткер Петр Своик соңғы кездері: «Қазақстанда қазақтың ұлттық мемлекеті құрылып жатыр. Қазақтың ұлттық мемлекеті қажет нәрсе», – деген пікірді жиі айтып жүр.

Сонда қазақ деген кім? Ұлт па, этнос па? Бастысы осының ара-жігін ажыратар уақыт жеткен тәрізді. Қазіргі кезеңде барлық посткеңестік кеңістікте таңдау жасалып жатыр. Адамдарды «мен кіммін?» деген сауал жиі мазалайтын болды. Мәселен, Алматы қаласының тұрғыны Кирилл Павлов чуваш екеніне қарамастан, төлқұжатында ұлты «орыс» деп көрсетілгеніне наразы. «Бәлкім, қазақ бола саларсың?» деп әзілдегендерге: «Қазақ болып кете алмаймын, бірақ құжатта солай жазыла аламын», – деп жауап берді.

Ұлы көштің жетегінде кетіп, Ресейді жерсінбей, Қазақстанға қайта оралған Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылының тұрғыны Светлана Друздова өз басынан өткен жайтты былай баяндайды:

«Күйеуім Ресейге көшейік деп қоймаған соң, келістім. Бірақ онда өзімді бөтен сезіндім. Жергілікті халықтың өмір сүру дағдысын қабылдай алмадым. Бізді «қазақтар» деп атап, кейбірі қорамызға да түсе бастады. Бір күні домбыра тартып отырған қазақ ақсақалды көріп қалдым. Неге екенін білмеймін, көре сала, тұра ұмтылдым. Құшақтап, бауырыма басып, еңіреп жылап жібердім. Аз-кем жайымды айтқан соң, ол кісі маған: «Қызым-ау, мұнда не бітіріп жүрсің? Елге қайтсаңшы!» – деді жылы шыраймен. Кім білсін, ол ақсақалды көрмесем, мен әлі де Ресейде тұра берер ме едім?!

Үйге келген соң, күйеуіме: «Болды, мен әрі қарай шыдамаймын, Қазақстанға қайтамын. Қайтқың келмесе, менімен ажырас», – деп ультиматум қойдым. Ұлтым орыс болғанмен, жанымның қазақ болып кеткенін сонда сезіндім.

«Түріңе қарасайшы, еуропалықсың, қазақтармен қалай сиыспақшысың?» деп райымнан қайтармақ болғандарға: «Керек болса, шашымды қараға бояп алам, көзіме линза тағам», – деп жауап бердім. Қалғысы келген күйеуіммен ажырасып, елге келдім. Бірақ араға көп уақыт өтпей, ол маған қайта оралды. Қайта табысып, өз елімде тұрып жатырмын», – дейді ол.

Жаны қазақ екенін мойындағандарды былай қойғанда, өңі өзге болғанмен, өзін қазақпын деп есептейтіндердің қарасы көбейіп келеді. Бұған өмірден алынған мысалдар да жеткілікті.

«Аталарымыз қазақ жеріне Украинадан келген. Түбіміз фин-угор халықтарынан шыққан. Мен қайда барсам да ұлтымды «орыс» деп жазып қояды. Бұл мені қатты ызыландырады», – дейді фотограф Иван Чухно.

«Өзіңді кім деп есептейсің?» деп сұрағанымда: «Қазақпын деп сезінемін», – деп жауап берді. Бәт-әлпетінен әзілдің табы да байқалмады. «Мен қазақпын. Шындығым – осы», – деді байсалды кейіппен.

Әзіл шыны аралас «төртінші жүз» туралы әңгіме қазақтар арасында бұрын да айтылған. Енді диаспора өкілдерінің арасынан да осы тақылеттес ойды еститін болдық. Мәселен, Өзбекстаннан келген, қазақ тілін жетік меңгеріп қана қоймай, білгенін баршаға үйретуге құлшынып жүрген ұлты кәріс азамат Владислав Тен әлеуметтік желіде: «Біз бәріміз қазақпыз. Мәселен, мен қазақпын, руым – кәріс. Тегімізді білдіргіміз келсе, «мен қазақпын – руым орыс, дүнген, өзбек» деп айтуымыз қажет», – деген пікір білдірді. Бұл идея қызу талқыға түсті. Қарсылық білдіргендер де, қолдағандар да бар.

Ұлт пен этнос – екеуі екі басқа дүние. Зинедин Зидан, Килиан Мбаппелер француз болғанда, Генадий Головкин мен Илья Илиндер неге қазақ болмасқа? Онсыз да шетелдік спорт комментаторлары оларды қазақ спортшылары деп атайды. Ақиқатына келсек, бұл әлем үшін таңсық дүние емес. Өркениетті елдерде ұлт деп бір мемлекетте тұратын адамдарды айтады. Діні, терісінің түсі, көзінің қиығы, ана тілі, тегі, мәдениеті – маңызды емес.

Естеріңізде болса, Қордай оқиғасынан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дүнгендерге қазақша үйретуге көмек беретінін айтты. Мұнысы тегін болмаса керек. Біз бір тілде әңгімелесе алған кезде ғана бір ұлт болып ұйыса аламыз. Оған полиглот Владислав Теннің мына сөзі дәлел:

«Мен тілдерді грамматика және фонетика деңгейінде ғана алып жүрмеймін. Психология ретінде де қарастырамын. Ешқашан ұмытпау үшін тілді түпсанаға енгізу керек. Қазақ тілімен тым алысқа кетіп қалған сияқтымын. Енді қазаққа қарсы дүниелердің бәріне жиіркене қараймын».

Дәстүрге берік қазақ қоғамы еуропалық немесе қапқаз, басқа да өзге өңді, христиан дініндегі «қазақтарды» қазақ деп қабылдай ала ма? Бүгінгі күннің басты сұрағы – осы.

nege.kz