Саясат

Президент дүнгендерге: «Балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек!»

Қасым-Жомарт Тоқаев дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесті

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мемлекет басшысы Сортөбе ауылындағы мәдениет үйінде дүнген диаспорасының өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің фейсбуктегі парақшасында жарияланды.

Президент Қазақстанды достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ барлық этникалық топтардың ортақ отаны болып саналатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қордай ауданында болған оқиғадан дұрыс қорытынды шығару керек екенін мәлімдеді.

«Болған қайғылы оқиға артта қалуы тиіс. Алдағы уақытта тату-тәтті, түсіністікте бірге өмір сүреміз. Біз бұдан сабақ алуымыз керек. Бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бұл биліктің де жіберген кемшілігі. Сондықтан мен бірден облыс басшылығын, соның ішінде құқық қорғау органдарының жетекшілерін де ауыстырдым», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бердібек Сапарбаев төрағалық ететін Үкіметтік комиссия барлық нысандарды қайта қалпына келтіріп, әлеуметтік мәселелерді шешумен айналысатынын айтты.

Президент дүнген диаспорасының өкілдерін жастардың тәрбиесіне баса мән беріп, оларды әрбір халықтың мәдениетіне, қазақ тілі мен Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауға шақырды.

«Сіздердің балаларыңыз қазақ тілін үйренуі керек. Сондай-ақ орыс тілі мен өзінің ана тілін де білуі қажет. Мемлекет сіздердің мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңізді сақтап, дамытуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Дегенмен сіздер, әсіресе, ауылда тұратын азаматтар мемлекеттік тілді білгендеріңіз аса маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жастардың Қордай ауданындағы бірнеше ауылда ғана емес, Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бар екенін жеткізді.

«Еліміздің солтүстігінде құнарлы жерлер бар. Біз неге бір жерде ғана тұрақтауымыз керек? Балаларыңызды солтүстікке, шығысқа қарай жіберіңіздер. Солтүстік, батыс, оңтүстік, шығыста сіздердің балаларыңызға жұмыс істеп, ақша табуға мүмкіндік мол», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жұртшылықты қайғылы оқиғаның қайталануына жол бермеуге шақырды. Өңірдегі құқық қорғау органдарының жаңа басшылығына қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қылмыстың алдын алу жөнінде міндет жүктеді.