Weekend
Маникюр жасайтын бала
Адамның бойында оқуға, сүйікті жұмысқа деген ынта мен махаббат болса, ол жасқа, жынысқа да қарамайды. Оның дәлелі, 12 жасар ең жас нейл шебер - Арулат. Өзі небәрі 6-сыныпта оқиды, бірақ арманы асқақ, мақсаты биік. Бұл жайлы талапкер баламен біраз тілдескен едім…
- Арулат, өзің жайлы айтып өтсең?
Менің толық аты-жөнім Мұхаметқали Арулат. Екібастұз қаласында тұрамын. Қазір 6 -сыныпта оқимын. Футбол және шахмат ойнағанды ұнатамын. Ал сүйікті ісіме келетін болсам, тырнақ күтімін жасағанды (маникюр) жаным сүйеді.
- Алғаш рет маникюр жасаймын деген ой қашан келді?
Бірде менің анам тойға баратын болды. Уақытының жоқтығынан үйге маникюр маманын шақырды. Үйге келіп, анамның тырнағын әрлей бастады. Мен сол кезде анамның жанында барлығын бақылап отырдым. Жұмысын аяқтаған тырнақ әрлеушіге анам 4000 тг төледі. Тырнақ әрлеуші бұл қаражаттың жол ақысы мен маникюр бағасы екенін айтты. Менің ойыма сонда: «Менің де қолымнан осы жұмыс келеді», «Неге анам басқа адамға ақша беріп тырнақ жасату керек» деген батыл ойлар келді. Осылайша мен анама дәл осылай тырнақ жасай алатынымды, мені маникюр курсына оқытуымды сұрадым. Менде осы курсты оқып бітсем, анама барлығын тегін жасап беремін деген мақсат болды. Ата-анам басында қарсы болды. Кейін анам ойлана келе оқытуға уәде берді. Мен өздегенімнен қайтпай жүргенімде 1 жыл өте шықты. Сосын анам уәдесінде тұрып, маған маникюр курсын оқытты.
- Маникюр курсын қайда және қанша уақытта оқып үйрендің?
Негізі курс 3 күн оқытылады. Менің мектепте оқуым болған соң, сабақтан кейінгі уақытқа жазылуға сұрандым. Бірақ шебер олай болса 3 күндік курстың уақыты біраз күнге созылатынын айтты. Осылай мен 1 аптаның ішінде курсты оқып тәмамдадым. Анамның айтуынша, бастапқы кезде тырнақ шебері заң бойынша мен сияқты кәмелетке толмаған баланы оқытудан бастартыпты. Бірақ анам менің оқуға қатты ынталанғанымды, тырнақ жасауды үйренсе, тек үйде өзіне жасайтынын айтыпты. Мен курсты аяқтағанда, тырнақ шебері анама хабарласып менің талантымның бар екенін, өзі оқытқан үлкен шәкірттерінің өзінде ондай қарқын жоқ екенін айтып мені әбден мақтапты. Осылайша курс соңында маған «маникюр маманы сертификаты» берілді.
«Арулаттың анасы Сәния Рахимованың айтуынша, ұлы тек маникюр курсын ғана емес, артынан тырнақ дизайнын жасау курсын тәмамдаған. Басында ұлы инстаграм желісі арқылы атақты нейл-мамандарына курс жайлы өзі жазған. Көп мамандар бала болған соң, мән бермеген. Кейін Мәскеудің Наталья Саложина есімді нейл маманы Арулатқа қызығушылық танытқан. Тіпті тырнақ шебері кішкентай талапкердің жасаған жұмыстарының суретін көргенде қатты таңғалған. Мәскеуден Екібастұзға келіп жеке оқытуға бел байлаған . Курс соңында маман Арулаттың тырнақ инструменттерін өте жақсы сезетінін, оның клиенттермен өте ашық жарқын араласатынын айтқан. Егер кәмелет жастан асқан болғанда, өзімен Мәскеуге алып кеткісі келген. Арулат бұл курсты 1 күнде тәмамдаған».
- Қазір клиенттерің бар ма?
Иә, күніне бір клиент қабылдаймын. Анам бір ғана клиент қабылдауыма рұқсат береді. Өйткені, менің сабағым бар әрі анам өзіме күш түсірмей тынығуымды қадағалайды. Ал маған салса, күніне үш клиент қабылдағым келеді. Сабағыма, барлығына үлгеремін.
- Клиенттердің сені көргендегі алғашқы реакциясы қандай болды?
Басында менің ұялы телефоным болған жоқ. Барлығы анамның ұялы телефонына хабарласатын. Олар маникюрды менің анам жасайды деп ойлаған. Кейін үйге бір клиент келгенде, үйде анам жоқ болды. Клиент орындыққа отырып, анама хабарласады. Сосын мен «Отырыңыз, мен жасаймын» деп айттым. Олар менен: «Жасай аласың ба?», деп сұрады. Мен сонда: «Мен бұл курсты оқып бітіргенмін. Міне, сертификаттарым» деп көрсеттім.
- Өзің сияқты жас балаларға қандай кеңес бересің?
Ең бірінші маған ата-анамның көмектескенін айтамын. Ешқашан өзіңе ұнайтын іспен айналысудан қорықпау керектігін айтқым келеді.
«Анасының айтуынша, Арулат тырнақ жасау барысында барлық сақтану шараларын қолданады. Мәселен, міндетті түрде маска тағу, жұмыс барысында антисептикпен қолды ұмытпай тазалау, қолына жұмыс қолғабын кию, тырнақ құрылғыларын дезинфекциялау».
- Болашақтағы арманың қандай?
Ең бірінші арманым, інім Бекарыстың жазылып кетуі. Екінші арманым, әлемдегі ең күшті әрі ең қымбат нейл мастер болғым келеді.
Сұхбаттасқан: Ажар Айбекқызы