Саясат

"Заман – біздің қолда" Замандастарыма ашық хат

Жастарға хат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

  Заман – біздің қолда

Замандастарыма ашық хат

     Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің арасындағы ұлан байтақ жер-анамызды көздерінің қарашығындай қорғап, ғасырлар бойғы ғұмырында «мың өліп, мың тірілген» ата-бабаларымыз келер ұрпағына аманаттап тапсырып кетті. Сол бағзы замандағы түбі түркіден, түлігі жылқыдан болған ержүрек те текті қазақтың бүгінгі ұрпағы – біз боламыз. Аштықты да, қуғын-сүргінді де, алапат соғысты да бастарынан өткізген, сол жолда қаншама асылдарынан айрылған еменнің қарсы біткен бұтағындай қайсар қазақ ежелден аңсаған егемендіктің де есігін ашты. Қиындыққа толы сәттер қатпарлы тарихтың қойнауына еніп, еркіндіктің ақ таңы атып, ел болып етек-жеңімізді жинағанымызға да , міне, 27 жыл болды. Бүгінгі күнгі Қазақстан -  әлемдік аренада өзіндік лайықты орны бар, өсіп, өркендеп келе жатқан тәуелсіз мемлекет.

«1991 жылғы 10-желтоқсандағы Президент Назарбаевтың өз қызметіне кірісуіне арналған салтанатты мәжіліс бас-аяғы бір-ақ сағатқа созылған еді. Алайда ел өмірінде салмағы бір ғасырға пара-пар болатындай осынау бір сағат тарихымызға алтын әріптермен жазылған аса маңызды оқиға болды: онда тәуелсіз мемлекетіміздің  бүкіл халық сайлаған  тұңғыш Президенті ант қабылдап, қызметіне кірісті; еліміздің бір топ бетке ұстар ақсақалдары  сахнаға көтеріліп, 91 жастағы ақын атамыз Шәкір Әбенов қызметіне кіріскен Елбасына ақ батасын берді.  Қазақ Советтік Социалистік Республикасы дегеннің орнына мемлекетіміз Қазақстан Республикасы деп аталып, ол қаулыға Нұрсұлтан Назарбаев дәл сол мәжілісте қолын қойды. Көк туымыз желбіреп, Елтаңбамыз асқақтап, Әнұранымыз шырқалғанда қандай күйде болғанымызды сөзбен айтып жеткізу қиын, залдағылардың барлығы да орындарынан атып-атып тұрып, алақанымыз қызарғанша шапалақ ұрып отырдық...залда тыныш отыру мүмкін емес, қуаныштан жүрегің жарыла жаздап, көңілің көкке шалықтап кетеді екен...» - деген аға ұрпақ өкілдерінің әсерлі әңгімелерін естігенде сол бір егемендіктің алғашқы сәттерін көзге елестетіп, біздің де көңіліміз көтеріліп қалады.

     Сол жылы іңгәлап өмір есігін ашқан Тәуелсіздіктің құрдастары бүгінгі күні оңы мен солын әбден таныған, ел игілігін еселеуге білек сыбана кірісетін дер шақтағы жігіттер мен қыздар. Олардың өкшесін басып келе жатқан біз – студент-жастардың да қолынан келетін шаруалар аз емес. Құрметті замандастар, әрқайсыларың мына сауалға қалай жауап беретіндеріңді ойланып көріңдерші: «Мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?».

Кейбіреулердің айтқанындай, Тәуелсіздік  бізге ешқандай ың-шыңсыз, оп-оңай, мемлекеттің атын ауыстыра салумен келген жоқ, ол жағын  терең қазбаламай-ақ қояйық... Өткен 27 жылда еліміздің өз әскері құрылды, шекарасы бекітілді, жаңа Астанасы бой көтерді, ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім орнады, жер бетіне тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыздың өз ата жұртына оралуына үлкен мүмкіндіктер туды, жастарымыздың шетел азаматтарымен тең дәрежеде білім алуларына мүмкіндік жасалып, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеуде. Қазір «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» бағдарламасы бойынша ауқымды істер атқарылуда. Бүгінгі күні мемлекетіміздің халықаралық аренада өзінің лайықты орны бар, әлеуметтік-экономикалық саласы нығайып, өркен жайып келеді.   Мұның барлығы ересен қажыр – қайратпен, Елбасының бағдарлы, салиқалы саясатының арқасында жасалып жатқан үлкен еңбек. Әрине, қиындықтар мен кемшіліктер де жоқ деп айта алмаймын, түзетуді, орнына келтіруді қажет ететін олқылықтар да баршылық.

Замандастарым, менің! Қазақстан азаматы болу үшін осында тек қана тұру жеткіліксіз, өз мемлекетіңнің алдындағы үлкен  жауапкершілікті де сезіне білуің керек. Отаның сен үшін аянып жатқан жоқ, енді сен Отаның үшін, елің үшін не істей аласың, сол жағын ойланшы. «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі» дегенді Елбасы үнемі айтып отырады. Өзінің соңғы Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынып отыр. Бұл біз үшін бір жағынан үлкен мәртебе болса, бір жағынан зор жауапкершілік! Мемлекет жас буынның алдына даңғыл жолдардың барлығын ашты, жағдайдың барлығы жасалды: оқы, мамандық ал, еңбек ет! Біз де соған лайықты еңбекпен, жақсы білімімізбен жауап беруіміз керек, өйткені – заман біздікі, сол заманды гүлденту – біздің қолымызда!

Егеменді ел болған соң ол жоспарлы түрде дамуы керек. Елбасының Қазақстан халқына арнайтын жылдағы  Жолдауы – еліміздің осындай даму жоспары. Қытай, Малайзия, Түркия сияқты көптеген табысты елдер ұзақ мерзімді жоспар бойынша жұмыс істейді. Біздің елдің ондай ұзақ мерзімді жоспары – «Қазақстан-2050», ал оның мақсаты – ғаламдық бәсекеде – әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу.  Ал ондай аса жауапты міндетті іс жүзіне асыру, жасы бір замандастар, біздің міндетіміз! Ата-баба мұрасын сақтап, аға ұрпақтың өзімізге тапсырар еңбек эстафетасын абыроймен жалғастырайық! [А1] Біздің елімізге тигізер пайдамыз Елбасы ұсынған жобалармен тікелей жұмыс жасап, ол жобаның жастардың санасына, одан қалды қоғамға дұрыс жетуін қадағалау.

Осы тұста облысымызда қолға алынып, атқарылып жатқан біршама шаруалардың басы қасында жүрміз деп айта аламын. Мәселен, біздің өңірде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шығыс Қазақстанның ежелгі қазынасы» археологиялық жобасы, «Абай әлемі» сериясы бойынша кітаптар шығару, «ШҚО тарихи-мәдени нысандарын сақтау жөніндегі іс-шаралар кешені», мәдени мұраны жаңғыртуға арналған «АРТ заман» сияқты қомақты жобалардың жүзеге асуына бір кісідей ат салысудамыз. Бұл да біздің мемелекетіміздің гүлденіп, өркендеуіне қосып жатқан әзірше қолдан келер үлесіміз деп білемін. Таңдаған саламыз журналистика болғадықтан, өңірлік басылымдармен, атап айтсақ -  «Дидар», «Алдаспан» газеттерімен, «Алтай» телерадио кешенімен де іскерлік қарым-қатынас орнатып, университет қабырғасында алған білімімізді  тәжірибемен ұштастырып отырамыз. Университет қабырғасында « Жас жігер», «Имидж» атты газеттеріміз жарық көріп, қажетті қондырғылармен жақсы жабдықталып, биылғы жылдың көктемінде ашылған «Жастар» телерадио кешені жұмыс істейді. Біз – студенттер, жастар мәселесін талқылап, жоғарғы билікпен үнемі байланыста болуға тырысамыз. Елбасының кезекті Жолдауын іске асыру бағытында біз университет әкімшілігімен бірлесіп, арнайы «Ұлтты бастар рухты жастар»  атты бағдарлама жасадық. Бұл бағдарламаның «Серпін берген жастарға жаңа жолдау», «Жалынды жастар - ұлт болашағы», «Рухани жаңғыру - ұлттық бірегейлікті сақтау» «Келешек көкжиегі – жастар», «Ел ертеңі - білімді жастар» атты бес жобадан тұратын осы бағдарлама бойынша жұмысқа белсене кірісіп жатырмыз. Біліммен қатар, студент жастарды қоғамдық жұмыстарға тартып, соның ішінде саясатпен де айналысуына ерекше мән берілген бұл жобаларда.

Біз, жастар, тәуелсіз Қазақстанның ертеңгі болашағы, елдің тағдыры мен мен мемлекетіміздің гүлденуі біздің, замандастарымыздың қолында екендігін біз жақсы түсінеміз және де бұл  біздің иінімізге артылған   үлкен жауапкершілік  деп санаймыз. Ата баба дәстүрін аяқ асты етпей, көк байрағымызды тек қана биікке самғату үшін  аянбай еңбек  етіп,  ат- салысамыз деп аға буын өкілдеріне уәде бере аламыз. Дамыған отыз елдің қатарына еніп, бай, қуатты, білімді ел болып, Қазақ елінің өзге де алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі тең, еңселі ел болуына атсалысамыз. Һәкім Абай атамыздың өлеңінде айтылғандай, біз де осы егемен еліміздің бір кірпіші болып қалануға міндеттіміз. Еліміздің алдындағы парызымыз бен қарымызды лайықты деңгейде өтеуге адал болайық, замандастарым менің!

 

 

 

 [А1]