Саясат

«Батыл әйелдер»: Сайрагүл Сауытбай халықаралық сыйлыққа ие болды

Сайрагүл Сауытбай "Халықаралық батыл әйелдер" сыйлығын алды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

3 наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті "Халықаралық батыл әйелдер" сыйлығының биылғы иегерлерінің аты-жөнін жариялады. Олардың арасында Қытайдағы қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріндегі жағдайды алғашқылардың бірі болып айтқан Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай да бар.

Сайрагүл Сауытбай Қазақстаннан босқын мәртебесін ала алмаған соң, былтыр 3 маусымда отбасымен бірге Швецияға кеткен еді.

АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде Сайрагүл Қытай коммунистік партиясының мұсылмандарды қудалау кампаниясы туралы алғаш ашық айтқан адамдардың бірі болды деп жазылған.

«2017 жылдың қараша айы мен 2018 жылдың наурыз айы аралығында Қытай коммунистік партиясы Сайрагүлді қамау лагеріндегі этникалық топтарды қытай тіліне үйретуге мәжбүрледі. Лагерьге қамалудан қорыққан Сауытбай 2018 жылы наурыз айында Қазақстанға қашып келді. Өзін лагерьге қамаса, тірі қалмайтынын айтты. Сауытбай Қытай коммунистік партиясының мұсылмандарды қудалау кампаниясы жайлы алғаш айтқан адамдардың бірі болды. Оның куәлік беруінің арқасында халықаралық қауымдастық алғаш рет Қытай коммунистік партиясының мұсылмандарды қудалау саясаты туралы білді» делінген мәлімдемеде.

Швециядан саяси баспана алған Сайрагүл қазір сол жақта отбасымен бірге тұрып жатыр.

2018 жылы сәуір айында «Қорғас» кеден бекеті арқылы Қазақстан аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда Қылмыстық кодекстің «Шекараны заңсыз кесіп өту» бабы бойынша айып таққан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оған араша түсіп, Қазақстан билігін Сауытбайды Қытайға бермеуге шақырған.

2018 жылы тамызда Алматы облысы Панфилов аудандық соты Сайрагүл Сауытбайды айыпты деп тану және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ оның жазасын «жеңілдететін ерекше жағдайына» байланысты шартты жазаға ауыстырған. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған. Бірақ Қазақстан билігі Сауытбайға босқын мәртебесін бермеді.

Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне халықаралық құқық қорғау ұйымдары назар аударды. Сайрагүлдің ісі жайлы Батыс ақпарат құралдары да жазды.

2018 жылы «Халықаралық батыр әйелдер» сыйлығына қазақстандық адвокат Айман Омарова ие болған.

«Халықаралық батыл әйелдер» сыйлығымен марапаттау рәсімі бүгін Вашингтон уақытымен таңертеңгі сағат 10.00-де (Алматы уақытымен түнгі сағат 23.00) өтеді.

Азаттық радиосы