Саясат

Тұрғымбаев: Митингіге шыққандарды «қойша көгендеу» - тәртіп бұзу әрекеттерімен күрес

Тұрғымбаев митингіге шыққандарды «қойша көгендеуді» жалғастыра бермек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Соңғы кезде жұрт жиі көріп жүрген жағдай – митингіге шыққан азаматтарды «қой сияқты» көтеріп апарып, көлікке тиейтін көрініс бұдан ары да жалғаса береді. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицияның бұл әрекетін «митинг кезіндегі тәртіп бұзу әрекеттерімен күрес» деп атады.

Polisia.kz сайтының жазуынша, ІІМ елде санкцияланбаған митинг өткізудің жиі тіркелетінін мәлімдеген. Көлік қозғалысына кедергі келтіреді, бейберекетсіздік орнатуға тырысады. Тіпті, олар полицияның өзіне күш көрсетеді екен. Тұрғымбаевтың сөзіне салсақ, бұл «азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығына қауіп төндіреді».

Дегенмен қоғам полицияның азаматтарды жас-кәрі демей көлікке күштеп (көтеріп апарып) отырғызуына, дөрекілік көрсетуіне қарсы екенін жақсы білетін министр өңірлік полиция департаменттері және құрылымдық бөлімше басшыларына бұл істерін ары қарай жалғастыра беруді тапсырды. Ол мұны «халықтың бейбіт өмірі мен тыныштығын қамтамасыз ету» деп атады.

«Митингіге жұмысқа барғандай баратын азаматтарға алаңдаймыз. Олар арандатушылардың ықпалында жүр, бейбітшілік пен тұрақтылық – біздің басты құндылығымыз екенін, оны мейлінше бағалау керек екенін ұқпайды. Сондықтан, полиция алдағы уақытта да ел қауіпсіздігі үшін қызмет етпек. Қазақстан халқының тыныш әрі бейбіт тіршілігін қорғау – біздің негізгі міндетіміз», – дейді ол.

2019 жылдың басынан бастап күрт өскен елдегі наразылық шерулерінің барлығы дерлік қоғам белсенділері мен шеруге қатысқан азаматтарды жаппай қамаумен аяқталып келеді. Қоғам биліктің бұл әрекетін қорқақтық, дөрекілік, демократияны тұншықтыру деп бағалайды. Және «әкесіндей, анасындай адамды мал сияқты көтеріп апарып көлікке тиейтін» полиция қызметкерлерін «сатқындар» деп те атап жүр. Бұған дейін азаматтық қоғам өкілдері осы Ерлан Тұрғымбаевтың отставкаға кетуін бірнеше рет талап етті.

malim.kz