Weekend
Ажалың жетсе Құдай алтын сандықта жатсаң да алады
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.comӨзбек стилімен жабдықталған тәбет ашар тәтті иіске толы шағын дәмхана іші адамға лық толы. Тамақ ішіп отырып тағы бірдеңемен айналыспаса іші пысатын Көпжасар дәмхана ішіндегі жалғыз теледидар алдына ыңғайлы жайғасқан.
Үстел үстіне буы бұрқыраған өзбек палауы мен жүйкесіне сондай жағымды әсер етер хош иісті тәшкен шәйі қойылды. Жанына жайғасқан бейтанысты елеместен аузы мен қолы асқазан қамына кіріссе, көзі мен құлағы теледидардан босар емес. Үнемі жаңалығы толастамайтын 24 хабарда жап-жаңа түскі жаңалықтар басталды. «Соңғы мәліметтерге қарағанда Қытай Халық Республикасында пайда болған, әлем елдерінің біразына тарап дүрліктіре бастаған қауіпті вирус Қазақстанға да келіп жетуі мүмкін деген қауіп бар. Қазіргі таңда елімізде осыған ұқсас диагнозбен екі бірдей адам тексерілуде...» Аяқ асты қақала-шашала тамағы жыбырлай қатты жөтеліп, тынысы тарыла әзер тоқтады. «Мамандар вирустан сақтанудың жолдары...» дегенде құлағы қайта елең ете қалып, қолына төс қалтасында тұрған кішкене блакноты мен қаламын суырып ала жаза жөнелді. «Медициналық маска киіп жүру, күнде таңертең бір дана сарымсақ жеу, әр он бес минут сайын су ішу» деген сынды «Сақтық шаралары» деген тақырыпшамен бірқатар тізім жазып шықты.
Жұмысына келгеннен кейін де интернетті аша сала сол ауру төңіріегінде түрлі ақпараттарды ақтарумен болды. Рас, алдында да бұ жаңалықтан хабардар болғанымен аса мән бере қоймаған. Ал бүгінгі естіген жаңалығынан бойын қорқыныш билегендей. Жұмысынан шыға сала ең алдымен дәріханаға соғып таза спирт пен бірнеше дана медициналық маска сатып алды. Содан кейін бәрі табылады-ау деген үлкен дүкенге кіріп, мана блакнотына тізбектеп жазған заттарды шетінен ала бастады.
Үйіне келген ол кешкі асты бастауға мұны күтіп отырған әйелі мен екі баласын көрді. Киімін ауыстырғаннан кейін әйелі мен балаларына өз көзінше қолдарын сабындап ұзақ жуғызды. Содан кейін дастархан басында тамақтанар алдында 15 минуттық кезектен тыс шұғыл жиналыс өтті. Жиналыста бүгінгі ауқымды тақырып пен сақтық шаралары талқыланды. Жиналыс аяқталысымен отбасы тамақтануға кірісті.
Көпжасар таңертең де балаларына мұқият ескертулер жасап, өзі де бүгіннен бастап медициналық маска тағып, сөмкесіне сабын мен кішкене ыдысқа құйылған спирт салды. Бұрыннан қорқақтау, мінезі біртүрлі деп есептейтін ұжымдастары Көпжасардың еле-алаң сақ жүрісіне аса мән бермеді. Ашып айтуға Көпжасардың өзі де күлкіге қалатынын біліп, үндемеді. Тек сақтансаң сақтайды деп ешкіммен қол алысып амандаспай, әр клиент келген сайын орны мен маңайын спирттеп отырды. Тіпті затын біреу сұрағаннан кейін де қайтып алғанда спирттеп қана тұтынатын болды. Түскі аста да күндегідей адамы көп дәмханаға бармай, үйден әйелі пісіріп берген имунитетті жоғарылатын пайдалы тағамдарын жалғыз отырып ішті. Адамы көп жерге мейлінше бармауға, бара қалса да аса сақ жүруге тырысты. Соңғы жаңалықтар да күннен-күнге үрейлендіре бастады. Әр үйге келген сайын кешкісін әдет бойынша балалары мен әйелі тексерістен өтуге мұның алдына кезекке тұрады. Аздаған көрген-білгендері бойынша тексеріп, дене қызуын тексергеннен кейін ғана кешкі ас басталады.
Бір күні ол ауырып қалды. Жұмыста отырып-ақ өзін жайсыз сезіне бастады. Мұрнынан су ағып, басы да аздап ауырып отырғандай еді. Дене қызуы да бар сияқты ма?... «Құдай сақтасын, сол боп жүрмесе болды» деп қорықа бастады. Тез арада 103-ті теріп, күдігін жасырмай жедел жәрдем шақырды. Жедел жеткен жедел жәрдем расында дене қызуының жоғары екенін, мұрны пышылдап, жөтелі де барын анықтады. «Коронавирус болуы мүмкін», - деді бірден дәрігер. Ажалың келсе Құдай алтын сандықта жатсаң да алады деген осы шығар. Көпжасардың аузына сөз түсердей болмады. Таңырқап аузын ашқан күйі қатып қалған. «Дәл қазір бізбен бірге ауруханаға барасыз. Карантинге жатқызып, сараптама жасап анықтайтын боламыз», - деп үстемеледі артынша дәрігер. Мұны естіген оның тіпті есі шыға бастады. Міне, июлаған жедел-жәрдем көлігінде кетіп барады. Көлікте отырған дәрігерлер мен медбикелердің бәрі бойын бұдан барынша алшақ ұстауға тырысатындай. Өзін ойлады. Өмір сүргісі келеді. Балалары ше?... Жүрегі шанши түсті. Басы мең-зең. Міне, ауруханаға да келді. Қашып кетердей көліктен түскен бойда екі жағынан екі дәрігер қолтықтап алған. Қаумалаған ақ халаттылармен бірге жоғарғы қабатқа көтеріліп келеді. Кенет құлағы шыңылдап кетті. Жүрегінің соғысынан бүкіл кеудесі қоса селкілдейтіндей. Көз алды қарауытып барады...
Ертесі күні дәрігерлер Көпжасардың коронавирустан емес, қарапайым тұмаудан, қатты уайымдап мазасызданғаннан жүрек талмасына ұшырап көп жасай алмай кеткенін анықтады.
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61