Саясат
ҚҰРМЕТТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!
Баршаңызға белгілі, ағымдағы жылдың 16 наурыз күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай жариялады.
Сол уақыттан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігі короновирустың таралуын алдын алу бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр.
ӨКІНІШКЕ ОРАЙ, ҚАЛАМЫЗДА КОРОНОВИРУС ІНДЕТІН ЖҰҚТЫРҒАН 2 АЗАМАТ ТІРКЕЛДІ.
Қазіргі уақытта олар Шымкент қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланып, ем қабылдауда. Жағдайлары тұрақты.
Бірінші науқас 18 наурыз күні сағат 17.30-да Нұр-Сұлтан қаласынан «Нұр-Сұлтан-Жетісай» бағытымен жүретін 51 адам мінген автобуспен келген.
20 наурыз сағат 23:30-да 4 азамат Шымкент қаласы Бекжан автовокзалынан түсіп, үшеуі Түркістан қаласы бағытына жолға шыққан. Ал, біреуін әкесі өз көлігімен үйіне жеткізген. Қалған 47 азамат Жетісай бағытына сол автобуспен сапарын жалғастырған.
Ал, жаман індетті жұқтырған азамат 23 наурызға дейін үйінде өз бетінше ем қабылдаған. Ауруы асқынғаннан кейін жергілікті амбулаторияға жоғары дене қызуымен, бас ауруымен, жөтелмен шағымданған.
Нәтижесенде осы азамат отбасымен стационарлық бақылауға алынды. Бүгін аталған азаматтың анасынан тест анализі алынып, оң нәтиже көрсетілді.
Шұғыл түрде, науқастармен қарым-қатынаста болған 2 — медицина қызметкері отбасыларымен және 5 потенциалды қатынастағы азаматтар оқшауланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.
Бүгінгі таңда, Нұр-Сұлтан-Шымкент қалалары мен Түркістан облысындағы аталған азаматпен байланыста болған барлық азаматтар оқшауландырылып, бірлескен шаралар ұйымдастырылуда.
Қазіргі таңда індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді.
Қауіпсіздік шаралардың негізгі бағыттарына тоқталып өтсем:
Бұған дейін, теміржол вокзалы мен әуежай да санитарлық бақылауға алынған.
Сонымен қатар, антисептик өнімдерін шығаратын «ОРДАБАСЫ» индустриалды аймағындағы кәсіпорын күніне 4 тонна залалсыздандыру өнімдерін шығаруда.
Сонымен қатар, қаладағы тойханалар, ойын-сауық орындары толығымен тоқтатылып, сауда орталықтары мен мейрамханалардың жұмыс уақыттары шектелді.
Бүгінгі таңда АСА ҚАЖЕТТІ 19 АЗЫҚ-ТҮЛІК түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды.
ШЫМКЕНТТЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ. БАҒА БАҚЫЛАУДА. СОНДЫҚТАН, АЛАҢДАУҒА, ЕШ НЕГІЗ ЖОҚ.
Бұдан басқа, 680 орындық провизорлы және 1500-ге жуық карантиндік стационар дайындалды.
Бүгінгі таңда, медицина қызметкерлері жұмысына қажетті құрал-жабдықтар мен дәрілер толығымен жеткілікті.
Қажеттілік болған жағдайда бұдан басқа да бекітілген алгоритм бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бүгінгі таңда қаланы толық карантинге жабуға негіз жоқ. Мәселе менің жеке бақылауымда.
Қала тұрғындарын ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс орталығы құрылды.
Қазіргі таңда, қала тұрғындары Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған профилактикалық шараларды қатаң қолдануымыз қажет.
Төтенше жағдайда әрбір тұрғынның қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан бәріміз арнайы талаптарды сақтауға міндеттіміз.
Құрметті жерлестер!
Төтенше жағдай кезеңінде барлық сақтық шараларын қолданып, өздеріңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігі үшін үйлеріңізде болуды сұраймын. Барлық жағдайларға түсіністікпен қарауларыңызды өтінемін.
Біз біргеміз! Сіздің қауіпсіздігіңіз, елдің қауіпсіздігі! Осыны естен шығармауымыз керек. Біз коронавирустың белең алуына жол бермеу мақсатында барлық күш-жігерімізді салып жұмыс жасаймыз.
Ел аман, жұрт тыныш болсын! Бұл қиындықтарды жеңетінімізге сенемін.
Назарларыңызға рақмет!