Bugin
Спекуляцияға жол жоқ
Шымкентте азық-түлік қоры жеткілікті. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Осылай деп мәлімдеген қала әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы көкөністі көтерме және бөлшек саудалайтын «Жібек жолы» базарына арнайы ат басын бұрды.
Азық-түлік өнімдерінің нарқын көзбен көрген шаһар басшысы саудагерлерге елде індет тарап жатқан сын сағатта бағаны көтермеуді тапсырды. Сауда орындарындағы баға тұрақтылығы қалалық «Nur Otan» партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының да назарына алынған.
Шымкент қаласы әкімдігі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұруды нақты қолға алған. Осы орайда арнайы штаб құрылған болатын. Яғни азық-түліктің бағаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Елдегі төтенше жағдай кезеңінде бағаны негізсіз көтергендерге шара қолданылады деді қала әкімі.
– Бұл шын баға ма, спекулация ма? Спекулация болған жағдайда экономикалық тергеу жүргіземіз, - деді қала әкімі.
Бүгінгі таңда халыққа аса қажетті деген 19 азық-түлік түрінің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін 3 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. Қазіргі төтенше жағдайды ескере отырып, халыққа жағдай жасау басты міндет дейді «Nur Otan» партиясының мүшелері.