Өмір деген – ұнату,
Ұнатқанға жетпейсің.
Өмір деген – ұнамау,
Бәріне ұнап өтпейсің.
Өмір деген – жылату,
Жылатқандар кінәлі.
Өмір деген – жыламау,
Жыламауға жоқ әлі.
Өмір деген – құлату,
Биігінен бақыттың.
Өмір деген – құламау,
Бұл еншісі уақыттың.
Өмір деген – сұрату,
Бере алсаң аяма.
Өмір деген – сұрамау,
Қолда барды аяла.
Өмір деген – сағыну,
Сағынышың жырақта.
Өмір деген – сағынбау,
Ұмытпайсың бірақ та.
Өмір деген – жағыну,
Көтеріліп қалам деп.
Өмір деген – жағынбау,
Өз күшіммен алам деп.
Өмір деген – бағыну,
Бір құдайға жаратқан.
Өмір деген – бағынбау,
Адамға у жалатқан.
Өмір деген – жалыну,
Күнің соған байланып.
Өмір деген – жалынбау,
Көңілің бір сәт жайланып.
О дүниеге асықпа,
Өмір деген тәттірек.
Өткен шақтан кешегі,
Келешегің сәттірек.
Есенбай Ізбасаров