Weekend

Daryn.Online: Бұл жобаның артында кім тұр?

Бүйткен DARYN.ONLINE -дарың бар болсын...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жылдың соңында үлкен амбициялары бар кішкентай холдинг Қазақстандағы білім саласын жаңа деңгейге шығарамыз деген биік мақсатпен Daryn.online атты білім беру жобасын бастадық. Жобаның идеясын компания басшысы Айбек Қуатбай жасақтады. Қалғанымыз концепцияны дамытуға атсалыстық. Жоба мақсаты - уақыт пен қашықтыққа тәуелсіз үздік білім платформасын көпшілікке ұсыну болды. 2019 жылдың көктемінен бастап, Қазақстандағы өз саласы бойынша еңбегі көрінген мықты ұстаздарды жинап, видеосабақтар түсіруді бастадық. Концепт қиын бірақ, қарапайым еді. Кез-келген пәннің ішіндегі тақырыпты оқушыға 5-7 минут аралығында максимум жетік түсіндіру міндеті тұр еді. Ол ойды Айбек айтқанда бізде аздап күмән болғанын жасырмаймын. Бірақ, бірнеше ай тестиң жасап, жоба құрамындағы команда мүшелері болып дайын болған сабақтарды платформада әуелі өзіміз оқып шыққан соң ғана көңіліміз орнына түсті. Жалпы жобаны аяққа тұрғызу оңай болған жоқ. Бірнеше рет команда һәм мұғалімдер де ауысты. Талай видеоларды сол бойы платформаға шығарған жоқпыз. Қаншама тапсырмалар мен тестілерді қолдан енгізіп, сонша қателіктерді түн демей жөндеумен болды редакторларымыз. Күздің басында жобаны көпшілікке ұсынатын кезде, жетерлік қаржы мүлдем болған жоқ. Аймақтарды бірнеше рет аралаған елшілеріміз облыстар мен қалалардан сенім білдіріп, Қазақстанда болашағы бұлыңғыр көрінген жобаға инвестиция жасап, жұмыс атқаруға келіскен серіктестерді таптық, әйтеуір. Осында бірталай рет серіктес іздеп жазылған посттарым естеріңізде болар. Сөйтіп, Daryn.online жобасы басталды. 2019 жыл соңына дейін ауқым кеңейді. Жоба барысында жаңа стратегиялық шешімдер қабылданып, 2020 жылды бәсеңдеп бастағанымызбен, наурыз айына дейін Daryn.online жобасында ақылы тәртіпте Республикамыздың барша аймақтарынан 15 мыңға жуық оқушы білім алып жатты. Өнімді әлеуметке ұсыну барысында бастан өткендер қиындықтар мен кедергілерді айтып, постымды батыстық success storyге айналдыруға тырыспай-ақ қояйын. Себебі, біз өзіміздің бастапқы алға қойған миссиямыздың қиыр бұрышын да қамтыған жоқпыз.


Наурыздың басындағы жаңалықтар ешкімге оңай тиген жоқ. Көңіл айтып отырайын десем, өзімнің де көңіл күйім жоқ. Сондықтан, нақты мәселелерге өтсем деймін. Қазақстанда бізден басқа да мемлекеттік һәм жекеменшік ондаған білім беру платформалары бар. Көпшілігі көршілес Ресейден затын сол күйі алып, атын өзгерте салған жобалар. Оны айып та көрмейміз һәм олардың еңбектеріне киіз астынан мысықпейілде қарап жатқан біз жоқ. Керісінше, сапалы білім береміз деп келе жатқан ниеттеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал, Daryn.Online - қазақстандық жоба. Егер, бергеніміз сапасыз болса, онда жауабымыз да осы елдің азаматтарының алдында болмақ.

Кешегі Тәжвирустан сақтану шараларымен қалалар карантинге кетерден бұрын елдің атқамінерлері осы кезеңдегі елдегі жаппай білім беру ісінің онлайнға көшу мүмкіндігін айтқанын бәріміз естідік. Бірақ, қалай? Қалай көшірмек? Өйткені, Қазақстанда 90% қазақ тілінде білім алатын оқушылар үшін онлайн білім беретін кең шешімдерді қарастырған платформалар жоқ еді. Біздің өзіміздің олардың барлығын қамти алатын әлеуетіміз бен ресурсымыз болған жоқ. Бірақ, бар шешімдердің ішіндегі салыстырмалы түрде ең қолайы әрі жетігі Daryn.online еді. Сондықтан да, біздің команда әлеумет алдындағы жауапкершілігіміз бен міндеттерімізді сезіне отырып, жобаны карантин кезеңінде толық ақысыз режимде көпшіліктің игіліне беруді жөн санадық. Бұл ұсыныспен біз ең алғаш болып, Білім Министрлігіне интернет ресурстар арқылы үндеу жасадық. Министр Askhat Aimagambetov мырза жобаны көріп, министрлік мамандары тексеріп, мемлекеттік стандартқа сай екендігіне көздері жеткен соң, сенім білдіріп мектептерге онлайн білім алуға болатын платформалардың бірі ретінде ұсынды. Сол аралықтан бері бізге бұрын-соңды болмаған бірталай айыптаулар келе бастады. Әрине, жоба игілігін көріп жатқан азаматтарымыз шаш етектен. Дегенмен, араларыңыздағы кейбір күмән тербеген сауалдарға осы тұста жауап беріп, бұл тақырыптарды жапсам деп отырмын. Өйткені, қазір бізде бұларды талқылауға уақыт та жоқ. Сонымен...


БҰЛ ЖОБАНЫҢ АРТЫНДА БІРЕУЛЕР ТҰР?! ТАБАМЫЗ! - депті.
Жоқ. Айқын нәрсені іздеп қайтесіз? "Қайссың?" десеңіздер өздері-ақ көрінеді. Daryn.online жобасының артында біреу емес, ел болашағына алаңдайтын бірнеше қарапайым азаматтар мен өз үлестерін қосып жатқан ондаған білікті ұстаздар тұр. Жоба аяққа тұрған кезде бірнеше квазимемлекеттік ұйымдар мен жеке компаниялардан толық сатып алу ұсынысы болды. Бірақ, олардың ешқайсымен келісім жасаған жоқпыз. Қазақстан нарығында ешкімнің көмегі мен қамқорлығынсыз осындай жоба жасай алғанымыз үшін мақтанамыз. Білім саласын әрі қарай дамыту үшін қолымыздан келгенді жасай береміз.



МЕМЛЕКЕТТЕН АҚШАНЫ СОРЫП ЖАТҚАН ШЫҒАРСЫҢДАР!? - депті.
Жоқ. Біз осы күнге дейін жобамыз үшін мемлекеттен бір тиын да ақша алғанымыз жоқ. Бұдан кейін де аламыз деп ойламаймын. 2 аптадан бері Daryn.online жобасы 10 миллиондай шығын жасадық. Техникалық мүмкіндігі бір мезетте 10 мың оқушыға арналып жүріп жатқан платформаға бірнеше аптада миллионннан астам оқушы тіркелген кезде, жағдай қалай болғанын ойлай берсеңіздер болады. Серверлеріміздің техникалық мүмкіндігін кеңейту мен контент толықтыруға барлық қаражат компаниямыздың қорынан кетті. Басқасын айта берсек, асылық болар. Сондықтан, мемлекеттен ақша алып отырсыңдар деген көңілге тиетін артық сөз. Елге көмегіміз тиіп жатқанына тоқпыз. Ал, командамыз үшін жақсы тәжірибе ғана.



КОРОНАВИРУС ЖАҚСЫ БОЛДЫ ҒОЙ СЕНДЕРГЕ?! - депті.
Жоқ. Көріп отырғаныңыздай, бұл кесел ешкімге жақсы болып жатқан жоқ. Осылай жалғаса беретін болса, жақсы болмайтыны да анық. Егер, жоба басшысы Айбек менен кәсіби кеңес сұрайтын болса, бәлкім жобаны ақысыз ету идеясын қолдамаған болар едім. Бұл жерде мәселе басқада. Бұл жағдай біздің жобаға пайдасынан көре кері эффекті көбірек болатынын шырамытып отырмын. Ертең карантин аяқталғанда қаншама ата-аналар мен ұстаздар жобаның қайтадан ақылы форматқа ауысқанына ренжіген күйі көп негатив пікірлер айтатын болады. Қазір оқып жатқан оқушылардың барлығы бізде қалады деп ойламай-ақ қойыңыз. Олардың көөөпшілігі дерлік бірінші мүмкіндікте-ақ аккаунттарын мәңгіге ұмытып кетеді деп ойлаймын. Ал, сапалы білімге ынталы оқушылар коронавирусқа дейін де біздің жобада бар еді.



ЖАНДАРЫҢ АШЫСА НЕ ҮШІН ТІРКЕЛУ ҚОЙҒАНСЫҢДАР? - депті.
Өкінішке орай, біздің білім платформамызда "құдайы қонақ" деген статус жоқ. Һәм жоба командасында оқушының нәтижесін жазбай анықтап отчет беріп отыратын көріпкел мамандар да жоқ. Бұл технология. Ұстаздар өз оқушыларын бағалауы үшін жеке аккаунт қажет. Ол әр оқушының білім алу процесінде қай тақырыпқа келіп, тесттерден қандай нәтижемен өткендерін көріп, қадағалап отыруға көмек беретін бірден бір құрал. Балаларыңыздың аты-жөні яки куәлік сияқты құжаттары болмаса, мектепке қабылданбайтыны сияқты, жеке аккаунтыңыз болмаса жобаның барлық мүмкіндіктерін қолдана алмайсыз. Ол сіздердің қауіпсіздіктеріңіз бен игіліктеріңіз үшін қажет нәрсе. Егер, кей мұғалімдеріміздің өздері тіркелудің не үшін керегін білмей айыптап жатса, онда мектеп мұғалімін ауыстыруы керек яки оқушы мектеп ауыстыруы керек. Ең дұрысы сол мұғалім мамандығын ауыстыруы керек.



ОЙ, ОСЫ ИНТЕРНЕТТЕРІҢ БӘЛЕ БОЛДЫ ҒОЙ... - депті.
Интернеттің бәлесі де берекесі де бар. Бұл адамзаттың жеткен ең мықты игіліктерінен бірі, дегенмен. Осыдан ширек ғасыр бұрын қолымызда жаһанның ақпараты болатынын ешкім ойына кіргізе алмайтын еді. Бүкіл әлем онлайн білім беру ісінде алға кетіп барады. Біздің елде ол енді келе бастады. Алдағы он жылда гибридті онлайн білім жүйесіне көшіп кетсек, білім саласында жасаған ең жақсы қадамдарымыздан болар еді деп ойлаймын. Сондықтан, оқушылардың онлайн білім алуға және ұстаздардың білім беруге қазірден үйрене бастауы сол онжылдық межеге ерте жетуімізге септігін тигізеді деп ойлаймын.



ӘУЕЛІ, САПАЛЫ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТІП АЛЫҢДАР! - депті.
Бұл сауал енді біздің жобаға емес. Біз өз қамту аямызда қолдан келгенін максимум жасап әрі беріп жатырмыз. Ал, интернетпен жабдықтаумен арнайы айналысатын министрлік бар. Оларда осыған дейін талай уақыт болды. Бірақ, міндеттерін әлі толық атқара алған жоқ. Біз де ол үшін ренжуліміз. Сондықтан, Daryn.online ресурсына қолжеткізу қиындықтары туындап жатса, оның қарғысы мен наласын бізге емес, басқа адреске жолдаңыздар. Өйткені, осы постты жариялау үшін де Алматының сыртындағы ауылда жарты сағаттан бері Фейсбуктың ашылуын күтіп жүйке тозып отыр.
Әйтсе де, осы сәтті пайдаланып билік басындағы ағаларымыздан тез арада қала баласы мен ауыл баласының интернет мүмкіндіктеріне қолжетімділігін теңестіруді сұраймыз.



Қорыта келсек, Daryn.online жобасы қолданушылардың осындай қиын кезеңде білім алуы үшін базалық барлық мүмкіндіктерді беретініне сенеміз. Жоба кемшіліктері үшін ұрсып жатсаңыздар басымызды иіп тұрып уәждеріңізді тыңдаймыз һәм ескереміз. Бірақ, беталды айыптаулар мен лайқа ойдың астындағы пікірлерге қатты жауап беріп жатсақ сіздер айыпқа бұйырмаңыздар. Дәл қазір аз уақытқа болса да (солай болғай) миллиондаған оқушының білімі бізге байланысты болып тұр. Ниетіміз ақ, пейіліміз оң, әрекетіміз тура. Осы күйімізге селкеу түсіріп қоймауларыңызды өтінеміз.

Өйткені, біз де сіз сияқты адамбыз.

Садық Шерімбек