COVID-19
Бұйрабекова дәрігерлердің коронавирус жұқтыру себебін түсіндірді
Ал, Алматыда Орталық қалалық аурухананың 37 дәрігерінің COVID-19 жұқтырып алғаны белгілі болды. Қаладағы балалар ауруханасындағы дәрігерлердің вирус жұқтыру себебін Л.Бұйрабекова қауіпсіздік талаптарын сақтамаудан, ауруханада қонғанның әсерінен деп түсіндірді.
«Бірінші жағдай Алматының балалар инфекциялық ауруханасында тіркелді. Оған медициналық қызметкерлердің стационарда тәулік бойы болғаны әсер еткен. Себебі, сол кезде ауысымнан тыс уақытта дәрігерлер тұратын баспана мәселесі шешілмей, олар ауруханда қонып жүрді. Сонымен бірге, кейбіреулері 10 сағаттан, кейде 24 сағаттан жұмыс істеген. Жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтылмаған және оларды дұрыс қолданбаған», - деді маман.
Қарағандыда қауіпті инфекция жұқтырған медицина мамандары да тәулік бойы жұмыс істеген.
«Бұл қалада да дәрігерлер шектен тыс жұмыс істеп, тәулік бойы стационарда қалған. Дезинфекциялық және қорғаныс құралдары жетіспеген. Ал Атырауда жүкті әйел COVID-19 күдігімен түскенде, дәрігерлер мән бермей, қорғаныс талаптарын сақтамады», - деді Бұйрабекова.
Сондай-ақ Жамбыл облысындағы Меркі орталық ауруханасына тексеріс жүргізіліп, бас есепшісіне қатысты шара қабылданып, аурухана басшылығына әкімшілік айыппұл салынған.
Жалпы, медициналық қызметкерлердің коронавирус жұқтыруына жергілікі атқару органдарының дәрігерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етпеуі, нұсқаулықтың үйретілмеуі, ауруханалар ғимаратының нашар жағдайы, еңбек қатынастарының бұзылуы себеп болып отыр екен.
Еске салайық, елімізде 211 дәрігер коронавирус жұқтырған, олардың 74-і тікелей коронавируспен ауырғандарды немесе күдікті науқастарды емдеген мамандар.
Азаттық рухы