Weekend
Қазіргі реалияның басты талабы - өзіңді өзгеден оқшаулау
Бұл қиын кезеңді бірге еңсеруге дайын жақының болса жақсы ғой. Десек те оқшаланудың ең ауыры еркіңнен тыс жалғыз қалу секілді. Осы тұрғыда жалғыздық тақырыбында фильмдер жетерлік.
Жалғыздықтың эмоциялық ауыртпалығы аздай, тағдыр кейде өмір үшін күрес деген проблеманы қоса артып қоятын кезі де болады ғой. Бүгінгі сөз болатын кинофильмдер осы тақырыпқа қатысты болмақ.
Жалғыз қалған қаһарман туралы кино туралы айтсақ алдымен Роберт Земекистің "Жалғыздың күні" ("Cast Away") қызық оқиғалы драмасы еске түседі. Басты рөлдегі Том Хэнкс осы рөлі үшін "Алтын глобус" алып, "Оскарға" үміткер болған еді.
Сюжет ұшақ апатынан кейін елсіз аралға тап болған Чак Ноланд есімді пошта қызметкері туралы. Экипаж мүшелері түгел қаза болып, Чак қана тірі қалады. Ол Тынық мұхитындағы аралда 4 жыл жалғыз өмір сүреді. Кейіпкер түрлі психологиялық һәм дене жарақатын алады. Жалғыздықтан ішқұса болып, волейбол добынан өзіне дос ойлап табады. Күндердің күнінде тәуекелге бел буып, қолдан қайық жасайды да ашық мұхитқа аттанады.
Басты рөлде Уилл Смит ойнаған фантастикалық боевик Ричард Мэтисон есімді жазушының аттас романына сүйенген. Түпнұсқа шығарманың түпкі концепцияларының бірі - пандемияға байланысты әлемдік апокалипсистің орнауы.
Сюжетте белгісіз індеттің салдарынан адамдардың барлығы дерлік вампирге айналып кеткен әлем көрсетіледі. Иммунитетінің арқасында аман қалған Роберт Невилл үлкен қалада жалғыз тұрады. Ол вирусқа қарсы дәріні сынап көру үшін вампирге айналған адамдарды аулайды, тіршілік үшін күреседі, аман қалған басқа да адамдар бар деген үмітін үзбейді. Оның жанында сенімді серігі - иті бар. Десек те қоғамдық қарым-қатынасқа деген қажеттіліктен арылу қиын. Сол себепті қаланың әр түкпіріне манекендер қойып, солармен сөйлесуді әдетке айналдырған.
Райан Рейнольдс түскен триллер. Басты кейіпкер - Иракта контрактімен қызмет атқарып жүрген көлік жүргізуші. Террористердің шабуылынан кейін ол есінен танып қалған. Есін жиғанда жер астында табытта жатқанын біледі. Қолында телефон мен оттық қана бар. Лаңкестер 5 миллион доллар талап етіп отыр. Психологиялық тұрғыдан қиын жағдайда қалғанына қарамастан, басты кейіпкер қолындағы телефон арқылы лаңкестердің талабын қанағаттандыратын шешімді санаулы сағаттар ішінде табуы керек.
Дэнни Бойлдың картинасы өмірде болған оқиғаны баяндайды. Шатқалдарға өрмелеумен айналысатын Арон есімді экстремал жалғыздықты ұнатады. 2003 жылы шатқалда тастан тасқа секіріп жүріп, қолы қысылып қалады. Маңайда ешкім болмайды, өзі де қайда кеткенін ешкімге айтпап еді. Суы мен азығы да көп емес еді. Алты күн қиналып, ол тірі қалу үшін тасқа қысылып қалған қолын құрбан етуге бел байлайды.
"Оскардың" алты номинациясына ұсынылған фильм кейіпкердің қайсарлығын, өмірі үшін күресті тоқтатпауын көрсетсе де, бұл бөлектену мен өзімшілдіктің кері тұсын да ашатын секілді. Басты рөлде Джеймс Франко ойнайды.
Марқұм Пол Уокер ойнаған драма. Оқиғасы 2005 жылы Катрина дауылы кезінде өрбиді. Нолан жаңа ғана дүниеге келген сәбидің бақытты әкесі еді. Бірақ бәрі әп-сәтте өзгереді. Аурухананы су басып, бүкіл техниканы істен шығарады. Бәрі лезде көшіріледі, ауруханада Нолан мен жаңа туған сәбиі ғана қалып қояды. Жақын арада көмек те келмейтіні белгілі болады. Инкубаторда жатқан сәбидің өмірі әкенің қолында.