Көзқарас

Ел болам десең, экраныңды түзе

Біздің арналарға қандай бағдарламалар қажет

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінде көгілдір экраннан ұят кетті десем, көңіліңізге ауыр қабылдамассыз. Олай демеске болмай отыр.

Үйдегілермен шай басында ұялмай отырып қарайтын арналар бізде аз. Тікелей эфирдің 3 сағатын «Қалаулым» секілді қалған құтқанға бергесін, телеарнаға бүгінде  аңсарымыз ауып тұрғаны шамалы.

Ашығын айтайын, мен қазір теледидар көрмеймін. Үйдегі үлкендер көреді, байқасам ұлттық арнаның өзінде түріктің, кәрістің, жапонның сериалдары басым. Жаңалықтардан басқа көретін тәуір ештеңе таппадым. Тіпті, қазіргі болып жатырған жаңалықтарды тыңдағың да келмейді. Сонда арна кім үшін?

Естеріңізде болса, «Qazaqstan» арнасында бір кездері «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы бар еді. Міне,осы бағдарлама маған шынымен ұнайтын. Өйткені, біз осы бағдарлама арқылы осал тұсымызды көрдік, әлсіз жағымызды мойындадық, қатемізді сезіндік.

Жетімін жылатпаған халықтың өзге елге бала сатқанын естідік,олардың ана тілдерінде сөйлей алмайтынын, Отаны туралы жалғыз білетіні картадағы орны екенін өз ауыздарынан естідік, олардың өзге мәдениетті,дінді қабылдағанын білдік.

«Қазақстанға барғым келеді, көргім келеді» дегендерін естігенде күрсінбеген қазақ жоқ шығар. Олардың өнерлерін, қабілеттерін көргенде, әлемді әнімен тербетер әнші, көк туын асқақтатар спортшы, жаңалық енгізер өнертапқыш, ғалым болар ма еді деп те ойладық.

Қысқасы, тәубемізге келдік. Бүгін біздің арнаға халыққа ой салатын бағдарламалар жетіспейді.