COVID-19
Вирустар адамдар арасында оқтын-оқтын таралып тұрады, бірақ адамзат баласы үнемі эпидемиядан кейін ғана әрекет етеді
Ресейдің Д.И.Ивановский атындағы вирусология институтының биотехнология зертханасының меңгерушісі, вирусолог Сергей Альховский "Россия сегодня" ХАА халықаралық мультимедиялық баспасөз орталығының сайтында өткен Ресей ғылым академиясының ғылыми кеңесінің онлайн-отырысында баяндама жасаған.
Ғалым өз сөзінде коронавирусқа қатысты қазіргі жағдай вирус экологиясын кеңірек зерттеуді қажет ететінін атап өтті.
"Бұл келесі "соғысқа" жақсы дайындық жасауға мүмкіндік береді", – деді ол.
Альховскийдің айтуынша, пандемиялық коронавирустар жаңа және қайталанатын инфекциялардың типтік өкілдері болып табылады. Яғни табиғатта зоонозды вирустың үлкен резервуары бар, онда үнемі жаңа нұсқалар пайда болады.
"Жаңа вирустар оқтын-оқтын пайда болып тұрады. Ең басты мәселе, адамдардың оны алдын ала болжауы мүмкін емес. Вирус таралған кезде ғана біз әрекет жасай бастаймыз", – дейді вирусолог.
Оның айтуынша, адамзат баласы вирустың жаңа нұсқаларының пайда болуынан мүлдем сақтандырылмаған.
"Осы кездері әлем COVID-19 індетімен күресіп жатыр және оны жеңеміз. Бірақ бұл табиғи резервуарлар мен зоонозды вирустар ешқайда кетпейді және мұндай оқиғалар одан әрі жалғасады. Алдағы уақытта вирустың қандай түрлері тарайтынын қазір білмейміз", – дейді ол.
Ал енді осындай жағдайларға дайын болу үшін вирустардың табиғи резервуарлары мен оларда болып жатқан процестерді терең зерттеу қажет. Ең алдымен, ғалымдар табиғи резервуардағы патогендік әлеуеті бар барлық зоонозды вирустарды анықтауы тиіс.
Ол осы орайда 1970 жылдары вирустардың экологиясын зерттеуге арналған, соның ішінде табиғи резервуарлар мен зоонозды вирустарды зерттейтін бағыт пайда болғанын еске салды.
"Бүгінгі жағдай бізге жаңа технологияларды қолдана отырып, ауқымды зерттеулерді қайта бастауымыз керек екенін көрсетеді. Осылай әрекет ету арқылы біз келесі жағдайларға дайын боламыз", – дейді ғалым.
Өз кезегінде Ресей ғылым академиясының президенті Александр Сергеев ғалымнан осы жұмысты күшейту туралы ұсыныс пен егжей-тегжейлі түсіндірілген жазба дайындауды сұрады.