Шымкент

Шымкент: Жылы аймақта жылыжайға басымдық берілмек

Жылыжай шаруашылығы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алдағы бірер жылда Шымкент маңайында жылыжай шаруашылығы дамиды. Бұл туралы қала әкімі Мұрат Әйтеновтің жергілікті  шаруалармен жүздесуінде айтылды.

Жабық жылыжай кешендердің көлемін арттыру мақсатында «Оңтүстік» көліктік логистикалық аймағынан 136 гектар жер қарастырылыпты. Оның 100 гектары өнеркәсіптік кешен болады. Қалғанын инфрақұрылым қамтиды.

Жоба жүзеге асса мыңдаған  жаңа жұмыс орны ашылып, жұрт  жыл он екі ай көкөніспен қамтылатын болады, дейді қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков.

Ал, Логистикалық аймақта қолға алынған алғашқы инвеститциялық жобаның құны 2,3 млрд. тг құрайды. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясында  «Taza onim» шаруа қожалығы   9 гектар жерге жылыжай салып жатыр. Оның 3 гектары бітіп, шаруалар 370 тонна өнім алып үлгеріпті.  Көкөніс толықтай жергілікті нарыққа сатылған. Қалған 6 гектары жыл соңына дейін бітеді. Қожалық жергілікті 30 адам тұрақты және 20 адамды ауыспалы жұмыс орнымен қамтыған. Кешеннің жанынан жұмысшылар үшін арнайы жатақхана да салынып жатыр екен.

Қожалық құрылтайшысы Арман Бахытұлының айтуынша,   кешенде қиярдың «Тристан», «Танто», «Мева» сорттары егіліпті. Алдағы уақытта Қазақстанның солтүстік,  батыс аймақтарымен келіссөздер жүргізіліп, өнімді жөнелту күтілуде.

Сонымен қатар, аталған бағыттағы жылыжай өнімдерін бір орталыққа бірігу арқылы өзара кооперация құрып, тауарлы партия қалыптастырылып, делдалдардың қатысуынсыз Ресейге тікелей экспорттау жоспарлануда екен.

Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы шаруашылық өндірген өнімді жергілікті базарларға тікелей жеткізіп беру жағын қарастыруды тапсырды. Жылыжайдан шыққан өнімнің келісі 400 теңгеден босатып жатыр. Бұл отандық өнімінің сатылу құнын реттеп, жергілікті халықтың көкөністі делдалсыз  сатып алуына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Шымкентте жылыжай көлемі 183 гектарды құрайды.  Оның 53 гектары өнеркәсіптік. Қалада бұдан бөлек тағы 25 гектар өндірістік жылыжай құрылысы  жыл соңына дейін іске қосылмақ.