Bugin

Руханият адамның бір бөлшегі

Айналамыздан тек қана жамандық пен зұлымдықты көруіміздің себебі - өзіміз сондаймыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамдардың хайуандардан бірден-бір артықшылығы - ойлауы, ақыл-парасаты, жүрекке ұялаған иманы десек, осы асыл дүниелер арқылы адамзат баласы "Адам" деген ұлы атты арқалап жүр. Дегенмен, ақыл-парасат көбіне өзгеге емес, адамның өзіне қарсы әрекет ететін тұстары жиі кездеседі. 

Жақсылық пен жамандықты, ізгілік пен зұлымдықты, адалдық пен арамдықты айыра алмай өмір жолында адасып жатады. Расымен-ақ, адамның асыл идеяларымен пайда болған, өз қолымен жасалған қару-жарақтары адам баласының өзін тығырыққа тіреп, тірі өлікке айналдырады. Мұның қаншалықты зиянды әрі қауіпті екенін адамдар түсінді, бас тарта білді. Бірақ...рухани соғыстар, амал-тартыстарды адамзат баласы ұғына алып жүр ме. Жоқ! Неге? Себебі біз өзімізді күнәһар сезінбейміз. Иә, адам өлтіріп, ұрлық жасап, не болмаса, біреуге қиянат жасаған жоқсыз.Бірақ бұл тек-сыртқы амалдар, қолмен жасалынатын "қатігездіктер". Ал ішкі дүниеміз жасап жатқан сорақы күштерге әлі де жауап бере алмай келеміз.

Мейірім, махаббат, адалдық, ізгілік, жақсылық, кешірімділік, рахымшылдық, адамгершілік сынды дүниедегі ең асыл, таза әрі бағалы қасиеттерді көбіне-көп айтып қана, кітаптардан оқып, сүйсініп қана жатамыз. Ал шынайы тіршілікке келгенде өтірік сөйлеу, мейірімсіздік, біреудің алдын орау, жақсылығын көрмеу яки жақсылық жасамау, зұлымдық. бәрі-бәрі тұла бойымызды ақырындап билеу үстінде. Өз-өзімізге есеп бермейміз, бере қалсақ осы әрекеттерімізді жоққа шығарып жіберетіндей амал істеріміз бен парасатымыз жетіп жатыр. Айналамыздан тек қана жамандық пен зұлымдықты көруіміздің де себебі осы -өзіміз сондаймыз.