Денсаулық
Диетасыз оңай арықтау
Күнделікте өмірде тұйықталып, ұнжырғасы түсіп кеткен адамдарды жиі кездестіру қалыпты жағдайға айналды. Автобуста, көшеде, базар мен демалыс орындарында xалық айқайлап ұрысуға үнемі дайын тұратыны байқалады. Сондай жағдайларды көргенде "Неге адамдар агрессияға бейім болып кетті?" деген заңды сауал туындайды. Бұл сұрақтың жауабы ретінде адамның миындағы комплекстерді айтуға болады. Себебі адам өзін жақсы көрмей, өзіне көңілі толмаған кезде, айналадағы әлемге ішіндегі негативті шашуға дайын тұрады. Осы тұста, комплекстердің кең тараған түрі – адам бойындағы артық салмақ қоғамдағы шешілуі тиіс маңызды мәселелердің біріне айналып отырғаны анық.
Толық адамдар көбіне адамдар көп жерде өздерін жайсыз сезініп, үнемі тұйықталып, көңіл күйлері түсіп жүреді. Балабақшадағы артық салмағы бар баланың өзін өзге балалар кемсітіп, көңіл-күйін түсіріп жатады. Мектеп жасындағы балалардың өзін жан-жақты көрсеткісі келген тұстарда, осы бір өзіне сенімсіздік тудыратын комплекстері кедергі келтіреді. Артық салмағы бар жұбайына күйеуінің өзі тиісіп, оның намысына тиіп жатады.
Бұл жағдайды қалай дұрыстауға болатынын ойланып қарасақ, ең алдымен адам өзінің ерік-жігерін тәрбиелеп, алдына нақты мақсат қою керек. Мысалы мен 3 айда 15 келіге арықтаймын деген сияқты. Күнделікті өмірін күлкіге, позитивке, өзінің жанына жағымды істерге арнап, айнаға қарап, өзіне деген махаббатқа қол жеткізуі қажет. Таза ауада барынша көп серуендеп, өзіне ұнайын спорт түрімен жүйелі түрде айналысқаны жөн. Бастысы шыдам мен сабыр қажет. Жүректегі өкпе-реніш, ыза, кек барлығын шығарып тастап, адамдарға барынша жақсылық жасауға тырысып, күнделікті «мен арықтап жатырмын» деген сөздерді жиі қайталағаны дұрыс. Бастысы өмірдің мәні-арық болуда емес, әр сәтіңді, жаныңдағы жандарға махаббатыңды шашып, күліп жүруде екенін түсінсе болғаны.
Арықтағысы келетін адамдар тез арада, жайлылық зонасынан шықпай салмақ тастағысы келеді. Бүгінде дәріханаларда тұратын арықтататын коктейль мен дәрілерді алып, ішіп, қиналмай-ақ салмақ тастау қандай жақсы деп ойлайтындар көп. Алайда, сол дәрілердің қаншалықты зиян екенін ойланып көрдіңіз бе? Ондай дүниелердің құрамында жай ғана асқазанды, ішекті тазалайтын қоспалар ғана болса жақсы. Бірақ көбіне бромейлайн деген майды ерітетін дүние қосылған болса, ол керісінше, майды ағзаға қолжетімді еткен кезде, адам керісінше семіру қаупі бар. Бұл дәрілік заттар толық дәрі-дәрмек болып табылмайтындықтан, олар толық тексерістен өтпеуі де мүмкін. Әрі қаптаманың сыртында жазылған дүниелерден де бөлек заттардың да кездесуі ғажап емес. Сонымен бірге адамдар кейде түсініксіз арықтауға арналған препараттар қабылдап, бұл процесс шектен тыс орын алып, «анорексия» ауруына ұшырап жатқандар кездеседі. Әрі адам тез уақытта салмақ тастаған болса, онда ағзадан май емес, су кетті деген сөз. Сол дәрі-дәрмектерді ішуді қойған соң, бұрынғы салмақ орнына қайта келеді. Тіпті бірнеше келі қосу мүмкін.
Қандай жағдай болса да, табиғи жолмен дұрыс тамақтанып, спортпен айналысып салмақ тастағанға жететіні жоқ!