Редактор бағаны
Көшбасшы қасиеті
Ақпарат көп заманда «сізден лидер жасаймын» дегендерге алданып қалмас үшін бүгін сіздермен көшбасшының бойынан табылуы керек 12 қасиетін бөлісетін боламыз. Бұл 12 қасиет - ғұлама ғалым Әл- Фарабидің ұрпағына өнеге еткен жасампаз формуласы. Осы жылы Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр.
Көшбасшы деген кім?
Көшбасшы – ел игілігі мен компания мүмкіндіктерін ұштастырып, дұрыс шешім шығаратын лидер. Оның қарапайым қызметкерден айырмашылығын Дэйл Карнеги былай деп түсіндіреді: «олар- басшылық үкімін күтпейді. Жоспар қойып, стратегия құрастырады. Бірден саналы түрде іске көшеді. Тәуекел мен конфликттен қашпайды. Мақсатты іздемейді, мақсатқа бағыттайды. Кері байланысты жасай алады. Қызметтік өсуді ұйымдастырады. Ұжымды шабыттандырып, алға сүйрейді.»
Көшбасшыда болу керек 12 қасиет қандай?
1. «Бұл адамның дене мүшелері мүлде мінсіз болуға тиіс, бұл мүшелердің күші өздері атқаруға тиісті қызметті аяқтап шығу үшін мейлінше жақсы бейімделген болуы керек, сонда егер адам әлдебір мүшесінің жәрдемімен әлденедей бір іс істемек болса, ол мұны оп- оңай атқаратын болады.»
Болашақ көшбасшы, бүгіннен бастап спортпен айналыс, сенің күш қуатың өте көп шығындалатын уақыттарға қазірден дайын бол!
2. «Жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінетін, айтылған сөзді сөйлеушінің ойындағысындай және істің мән- жайына сәйкес ұғып алатын болу керек»
Болашақ көшбасшы, қазірден көп кітап оқып, біліммен сусында! Әр сөздің парқын түсіне білуге дағдылан!
3. «Өзі түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардан ешнәрсе ұмытпайтын болуы қажет»
Болашақ көшбасшы, бүгіннен бастап есте сақтау қабілетіңді жақсартуға күш сал. Саған нейрогимнастикалық жаттығулар мен жылдам оқу курстары көмекке келе алады.
4. «Өткір сөз иесі және ойына түйгеннің бәрін айдан анық айтып бере алатын тілмар болуы шарт»
Болашақ көшбасшы, қазақтың би – шешендерінің шығармасын оқуға ден қой! Тіпті, саған ораторлықты үйрететін курстарға бару да артықтық етпейді.
5. «Өнер- білуге құштар болу, оқып- үйренуден шаршап шалдықпай, осыған жұмсалатын еңбектен қиналып азаптанбай, бұған оңай жететін болуы керек»
Болашақ көшбасшы неше қырлысың? Өнерлі бол. Ұлттық өнерге жақын болып, патриоттық тұрғыдан дамығаның артықтық етпес. Және алдыңда кездескен кез- келген қиындықты оңай жолмен шешуге дағдылан.
6. «Тағамға, ішімдік ішуге, сыр- сұқбат құруға келгенде қанағатшыл болу керек»
Болашақ көшбасшы, Абайша айтқанда өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншек, бекер мал шашпақтыққан бойыңды аулаққа сал!
7. «Жаратылысыңнан сауыққұмарлықтан аулақ болып, бұдан алатын ләззатқа жирене қарауы тиіс»
Болашақ көшбасшы, уақытыңды тиімді пайдалан!
8. «Жаны асқақ және ар- намысын ардақтайтын болуы шарт: жаны жаратылысынан пысық істердің бәрінен жоғары болып игі істерге ынтызар болуы тиіс»
Болашақ көшбасшы, намысшыл бол! Жақысылыққа жаның үйір болсын!
9. «Жаман атауға, жалған дүниенің басқа да белгілеріне жирене қарауы керек»
Болашақ көшбасшы, өз есіміңе қазірден кір келтірмеуге тырыс!
10. «Жаратылысынан әділеттілік пен әділеттерді сүйіп, әділетсіздік пен озбырлықты және оны тарататындарды жек көруі тиіс»
Болашақ көшбасшы, заманың түлкі болса тазы боп шал!
11.«Қыңыр болмай, шындық алдында өзімшілдік көрсетпей, кез- келген әділетсіздік алдында табандылық танытуы қажет»
Болашақ көшбасшы, өз қателігіңді мойындай біл!
12. «Өзі қажет тапқан істі жүзеге асырғанда шешімпаздық көрсетіп, бұл ретте қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы тиіс»
Болашақ көшбасшы, Тәуекел түбі- жел қайық, өтесің де кетесің. Батыл бол!
Көшбасшы болу үшін мінезді қалыптастыру керек. Қайтпас қайсарлық еріншектікке жол бермейді. Мақсатқа ұмтылыс сені жалқауландырмайды. Сондықтан Әл-Фараби ілімі әрқашан есіңде жүрсін...