Weekend
Енді ешкім жұмысқа орналасу кезінде құжат жинап әуреге түспейді
«E-hr жүйесі азаматтардың еңбек өтілі бойынша деректердің сақталуын және нақты дерек қорын қалыптастырады. Жұмыс берушімен қызметкер арасындағы келісім-шарттың ашық болуын, құжаттарды қолдан жасау қаупін жояды. Бастысы жұмысқа орналасуды жеделдетеді. Сондай-ақ еңбек шартын жасау кезінде еңбек кітапшаларынан және қағаз құжаттардан бас тартуға мүмкіндік береді», - деді «ЕРДО» АҚ Деректерді талдау және өңдеу департаментінің директоры Бахтияр Жазықбаев.
Кәсіпорындарға жаңа сервисті пайдалану үшін бар болғаны E-hr жүйесіне тіркелу қажет. Жаңа жұмысшының «жеке ісіне» құжаттар жинау үшін оның келісімін алып, жүйеге сұрау салу керек. Әрі қарай бағдарлама барлығын өзі автоматты түрде жасайды.
Қазіргі уақытта E-hr ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ ҚР Әділет министрлігінің жеке тұлғалардың мемлекеттік базасымен интеграция жасалған. 2020 жылдың соңына дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесімен біріктіру жоспарлануда.
Естеріңізге салсақ, E-hr жүйесі 2018 жылдан бастап пилоттық режимде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта жүйеге ерікті негізде 28 мыңнан астам қазақстандық компания қосылды. Бүгінде E-hr бірыңғай жүйесінде 1,3 млн электрондық еңбек шарты тіркелген. 2020 жылдың бірінші жартысында жүйеге тағы 25 мыңға жуық жұмыс берушіні қосу жоспарланып отыр.
Азаттық рухы