Денсаулық
Табиғаттың ең қымбат жемісі...
Денсаулық-адам баласының баға жетпес байлығы, табиғаттың берген ең үлкен сыйы. Денсаулыққа берілетін теңеулер мен бейнелі сөздер тіпті жаттанды дүниедей көрінеді.
Туған күнге айтылатын жылы тілектер мен лебіздер арасында да ең алғаш ескерілетіні-осы денсаулық. Кейде құлаққа жауыр болып кеткендей қарабайыр естілуі де мүмкін. Ал түптеп келгенде, оның маңызы өте зор.
Бір өкініштісі, адам баласы оны кешірек түсінеді, аздаған қиындықтарға кезікпейінше, қадірін біле бермейді. Денсаулықты жастай күту керек. «Ауырып емделгенше, ауырмайтын жол ізде»,-дейтін халық даналығының өзі көп дүниені аңғартпай ма? Іске асыру керек шарттар мен талаптар өте қарапайым. Дегенмен, көп жағдайда ол шарттарды қанағаттандыра бермейміз.
Салауатты өмір салты - денсаулық кепілі.
Салауатты өмір салты десе, көз алдыңызға не елестейді? Дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, пайдалы әдеттер мен таңғы жаттығулар ма? Иә, дәл солай. Ең әуелі, адам ойын да, тәнін де, қоршаған ортасын да тазалықта ұстауы тиіс.
Тазалық – саулық негiзi, саулық – байлық негiзi. Үнемі тазалықта жүретін адам өмірге қауіпті бактериялар мен вирустартардың алдын алады. Жеке бас тазалығы ешқайсымыз үшін таңсық дүние емес.
Ал ішкі тыныштық пен жүйке жүйесінің қалыпты жұмысы, тыныш ұйқы-денсаулыққа елеулі әсер ететін факторлар. Қарбалас тіршілікте назарды аудардатын кішігірім қиыншылықтар да аз кездеспейді. Стресс пен күйзелістен арылу жолдары әр адам үшін әртүрлі. Бірақ, физиологиялық дене шынықтыру кез-келгенімізге сергектік пен жақсы көңіл күй сыйлары хақ.
Жақсы кітап оқу да ойымызды дұрыс арнаға бұрады. Адам қай жасқа келсе де, сүйікті ісімен айналысуы оған қуаныш сыйлайды. Мұның барлығын тарқатып айтып отырған себебім, көптеген аурулар жүйке жүйесімен тығыз байланысты.
Дұрыс тамақтану мен судың пайдасы айтпаса да түсінікті. Ағза үнемі жеткілікті су мөлшері мен көптеген дәрумендері мол нәрлі азыққа зәру. Әрине оны қамтамасыз етіп отыру керек. Ал қазіргі кезде Рамазан айында ораза ұстайтын жандар денсаулығына көп пайда әкеледі.
Ораза уақытында артық майлар энергия үшін жаратылады, олар майлардан химикалық заттарды ысырып тастайды, сосын ол организм тазаланады. Осы уақытта жасалынатын біраз ем-дом шаралары да жақсы нәтижесін беріп жатады.
Шынықсаң шымыр боларсың. Спорттың қажеттігі мен пайдасын ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Организмнің, әсіресе мидың белсенді жұмыс істеуі мен бойдағы сергектік, дұрыс ұйқы мен көтеріңкі көңіл күй- барлығын спорт қамтамасыз етуге қабілетті.Қимыл шынықтырады, ұйқы тынықтырады.
Таңғы асқа дейінгі жасалған 10-15 минуттық жаттығудың өзі күш-қуат пен төзімділік сыйлайды. Қысқасы, еңбектен асқан ем жоқ.
Аталып өткен барлық дүниелер өзара үйлесімді жүзеге асуы керек. Себебі әрқайсысының денсаулыққа керегі мен пайдасы бірінен-бірі асып түседі.Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты.Ал дені сау адам - табиғаттың ең қымбат жемісі.