Bugin

Сен құрметте, оны, қарағым...

Ғұмырын қиған соғыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Адамзат баласының басынан өткерген алмағайып һәм тарихта қанмен жазылған кезеңнің бірі неміс фашистеріне қарсы болған қандықырғын соғыс еді. Елімізден аттанған  1 миллион 200 мыңға жуық адамның  700 мыңдайы да дәл осы ұрыс даласында ерлікпен қаза тауып жеңісті күнді жақындатқаны анық.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіспен тәмәмдалып, «ақтүйенің қарны жарылған» сәтіне тура 75 жыл. Рухы биік ерлердің жастығын ұрлап, тілегі ақ ананың жүрегін жұлып, таудай алып әкенің жалғасын үзіп, ошақта қалған жары да жанарын бұлап, бесікте қалған сәбидің әкесін алып, елде қалған бауырдың аспаның бұлт қылған майданнан оралмаған боздақтар, екі қолдан айрылып, тізеден кесіп аяғын, жарақатын жамап келген жауынгерлермен қатар бар күш- қуатын сарп етіп, күндіз түні елде жүріп еңбек еткен жандар қаншама?..

Ғұмырын қиған соғыс

Майдан даласында мәңгілікке аттанып, бейбіт аспан астында өмір сүруімізге ықпал еткен жандардың қатарында Сәду Төленов бар. Соғысқа аттанған сағыздық жауынгерлер тізіміне енбей келген батыр, 1909 жылы өмірге келген. 1942 жылы Гурьев қалалық әскери комиссиариаты арқылы әскерге шақырылған сарбаз ұйымдастырушылық қабілеті мен сауаттылығын көрсетіп,комиссаралар даярлайтын қысқа курска қатысып, оны жақсы бағамен аяқтап, лейтенант шенін алып шығады. Өзінің тамаша қырынан танылған батыр 50 Армияның 69 атқыштар корпусы 153 жаяу әскер дивизиясы 566 жаяу әскер полкінің үшінші батальонына батальон комиссиары болады. 1943 жылы Батыс майдандағы, 1944 жылы II Белоруссия Майданындағы ұрыстарда ерлік көрсеткен майдангер «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен наградталған. 1945 жылы 24 ақпанда 153 әскер дивизиясы  неміс фашистерінің 7 шабуылына тойтара жауап қайтарып, Шығыс Пруссия жерінің Шенберн елді мекенін толық алғандағы  ерліктері үшін аға лейтенант Төленовты «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапаттайды.1945 жылы Кенинсберг қаласы Хайльсберг ауданы Вилькинт елді мекені үшін болған шайқаста ауыр жараланған батыр 3 наурыз күні №250 медициналық санитарлық бөлімде қаза табады. Ол осы ауылдың оңтүстік батысындағы зиратқа жерленеді.

Жоғалған жауынгер

Соғыстан кейін ұшты- күйлі жоғалған батыр – Жұматай Жұмаұғұлұлы. Қан майданға Семей өңірінен аттанған жауынгердің ұрпақтары осы кезге дейін сабыла іздеу салып, әкелері туралы ақпарат іздесе де таба алмаған болатын. Тек Жеңістің 75 жылдығында Ресейдің арнайы іздеу орталығы тауып берген.Ондағы мәліметтерге сүйенсек, 1942 жылы соғысқа аттанған. «Беларусь майданына кіргелі тұрмыз» деп хат келген. Содан кейін хабар болмаған. Минск қаласында тұтқынға түсіп, Штатлаг 316 түрмесінде қайтыс болған.  «Азиат» деп, ауыр жұмысқа жегіп, ашық аспан астында аш-жалаңаш ұстапты.

Тағдыр табыстырғандар

Ерлі-зайыпты Жаудин Хамит Айсаұлы мен Зорманова Мария Айсақызы да ардың атын жықпай майданға аттанған баһадүрлеріміздің бірі. 1942 жылы майданға аттанған Жаудин Хамит атамыз Иосиф Сталиннің аты- жөнімен аталған «ИС» танкінде бағдарлаушы, пулеметші болып, I-ші Украина, Воронеж, Дала майданы, Орел- Курск шайқастарында ерлік көрсетіп, 1945 жылдың сәуірінде бір аяғынан айрылып елге оралады. Ал, 1924 жылы Астраханның Қызылжар ауданында дүниеге келген Зорманова Мария әжеміз 1942 жылдың күзінде қан майданға аттанып, 416 атқыштар дивизиясының полкінде байланысшы болып, кейін мейірбекелік қызметке ауыстырылады. Украинадағы, Курск маңындағы жантүршігерлік шайқастарға қатысқан батыр қыз, 1945 жылы елге оралады. 1947 жылы тағдыр қосқан қос майдангер шаңырақ көтеріп, шекесі торсықтай екі ұл мен бес қызды өмірге әкеледі. 63 жыл бойы жұбайлық ғұмыр кешкен көпке үлгі отбасының аяулы адамы Мария әжеміз 86 жасында өмірден озса, атамыз 90 жасында жарық жалғанмен қоштасқан еді.

Тылда тыным таппағандар

Ел басына зұлмат шақ орнағанда жауға қарсы оқ атқан батырларымыз бен қатар ел ішінде жүріп жеңісті жақындатуға үлес қосқан жандар аз емес болатын. Жанын шүберекке түйіп соңғы демі таусылғанша  «бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранды алға тартып еңбек еткен ардагерлер туралы жазбау бұл ретте қате секілді. Олардың қатарында, Байғанин ауданында туған Бекішова Сәлімхан, маңғыстаулық Бірқұлақов Кеңес, торғайлық Ержанов Кәрім, Доңызтау өңірінде дүниеге келген Қошанова Сұлупан және тағы басқа тыл ардагерлерінің болғанын бірі білсе, бірі біле бермейді.

Тіпті бұғанасы бекімей жатып еңбекке араласқан Ұмсындық Дәухенқызының ерлік ғұмыры жауынгерлерден асып түспесе кем болмасы хақ. 12 жасында еңбекке араласқан бүлдіршін қыз  ауыл балаларынан құралған бригада қатарында бидай, сәбіз, картоп, қызылша еккен алқаптардың арам шөптерін қолмен жұлып, малға азық дайындауда ересектерге шөп маялауға көмектесетін. Ал, қыс басталса жауынгерлерге арнап жылы киімдермен қатар шұлық, қолғаптар тоқып, егістікте қар тоқтату, көң төгу шаруаларын атқаратын.

14 жасқа толған шағында Ұмсындық әжемізді Совет аудандық типографиясына жіберген. Ол жерде Нұркен деген азаматтың редакторлығымен шығатын “социалистический труд” газетінде әріп теріп, газет және басқа баспа қағаздарды шығаруға қолғабыс қылады. Таң бозымен жаяу Астраханнан Смирновоға жетіп, кешке үйге қайтып жүріпті. Соғыс аяқталған жылдардан кейін 1949 жылы «Комсомолка» тігін фабрикасына қызметке орналасып, 1984 жылдың 1 мамырында еңбек демалысына байланысты жұмысынан шығады.

Рекорд орнатқан ақсақал

Бүгінгі таңда республикамыздан соғысқа аттанған жаужүрек батырларымыздың қатары сиреп бара жатқаны жүрекке жара салып, көңілге кірбін ұялатады. Өмірі өнегеге толы қарағандылық Василий Волокин, Серафима Пономарева, Нина Сорокиналарды, атыраулық Орынғали Қарасаев, Ақмоладағы Валентина Ивановна сынды ардагерлерімізді арамызда жүргенде құрметтеу біздің азаматтық һәм ұрпақ алдында көрсетер міндетті борышымыз. Газетіміздің алдынғы санында Орынғали атамыз туралы да «Бағалай білгенге бақ қонар» атты мақаламызбен азды- көпті ой бөліскен болатынбыз. Бүгін көпшілік арасында «Балық адам» атанып кеткен қарағандылық Бүркіт Есжанов туралы білгеніммен бөлісуді жөн көрдім.

1923 жылы Қарағанды облысы, Тельман ауданында дүниеге келген Бүркіт ақсақал 1942 жылдың сәуір айында әскерге шақырту алып, Ленинградтағы авиациялық училищенің курсанты болады. Мәскеу маңындағы бесінші атқыштар дивизиясының құрамында болған жауынгер ұрыс даласында жүріп Вязьма, Елена, Курск қалаларын қорғауға қатысады. 1943 жылы жаумен соғыса жүріп қатты жарақат алған батыр госпитальге жеткізіліп, емделгеннен кейін қайта майданға аттанады.  Ол соғысты 1945 жылы Латвиядағы шайқаста тәмәмдайды. Дегенмен, фашистік Германияны жеңгеннен соң Шығыста Қытайды жапондардан қорғауға арнайы жасақталған полк қатарында болып, талай баһадүр бабалардың тағдырын қиған сұм соғыстан екі жарым жыл өткесін ғана елге оралады.

Майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін Бүркіт Есжановты «Ерлігі үшін», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше мерейтойлық төсбелгілермен мараппаттайды.

Туған өлкеге оралған қаһарман 1952 жылы Алматы қаласына оқуға түседі. Оқуды жақсы аяқтап Қарағандыдағы Костенко шахтасында партия қызметкері болады. Ал, 1962 жылы оны партия ауылшаруашылығы жұмыстарын қарқынды атқарып, өркендетуі үшін ауылға жіберіп, 40 жыл сонда адал еңбек етеді.

Бүгінде арамызда жүрген аяулы атамыз жүзу спортымен шұғылданып, 2016 жылы 94 жасына толғанда кез келген кәсіби спортшыны жолда қалдырып, демін баспастан 600 метр қашықтыққа малтып рекорд орнатқан болатын.

Ғұмыр жолдары парасатқа, үлгі- өнегеге толы ардагерлерімізді еске алу, ұлықтау, арамыздағы көзі тірі абзал жандарды ардақтау, аялау 9 мамыр күнінің ғана үлесіне тиесілі емес.Ешкім де, ештеңе де ұмытылмауы әрбір күннің үлесіне тиер сауапты іс болуы тиіс.

Асылай Ниязбаева