Саясат

Су тасқыны: Қазақстан Өзбекстанға наразылық нотасын жолдамайды

СІМ су тасқынына байланысты мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

ҚР СІМ-нің ресми өкілі Айбек Смадияров Өзбекстан Республикасы аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы және оның салдарынан Түркістан облысының бірқатар елді мекендерін су басу бойынша жағдай Үкімет бақылауында екенін айтып өтті.

Оның айтуынша, 2 мамырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлескені және сұхбат барысында тараптар орын алған жағдайды нақты талқылап, екі ел үкіметі үйлесімді жұмыс атқаратыны туралы уағдаласты. Су басу салдарын бірлесіп жою бойынша үкімет пен шекаралас өңір басшыларының өзара тығыз іс-қимылын назарға ала отырып, өзбек тарапына ҚР Сыртқы істер министрлігінің нотасын жолдау мәселесі қарастырылмайтынын да айтты.

Түркістан облысының әкімі Өзбекстанның көршілес өңірлеріне жедел түрде сапар жасады. Сонымен қатар өзбек тарапымен қажетті келіссөздер жүргізіп, оның қорытындылары туралы бүгін өткен Үкіметтің отырысында мәлімдеді.

Оның айтуына қарағанда, Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия құрылды. Ертең ол Түркістан облысы мен Өзбекстанға бірлескен іс-қимыл алгоритмін пысықтау үшін барады. Екі тараптың барлық байланыстары толықтай Мәңгілік достық және стратегиялық әріптестік туралы шарттардың және Трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі Конвенцияның нормаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Еске салатын жайт, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 6 127 тұрғыны бар 5 елді мекен - Жаңа Тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары толығымен су астында қалған еді. 14 елді мекеннен 31 606 тұрғын эвакуацияланды.