Экономика
Қазақстандықтардың 42500 теңгені екінші рет қашан алатыны белгілі болды
"Төлем бір рет тағайындалады және төтенше жағдай кезінде ай сайын төленеді. Мәселен бірінші төлемді 6 сәуірде алса, екіншісі 6 мамырда түседі. Егер адамдар бірінші төлемді 20 сәуірде алса, екіншісі 20 мамырда, төтенше жағдай режимі ұзартылған жағдайда ғана төленеді", - деп нақтылады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінен.
Министрліктің ақпаратынша, наурызда өтініш берген азаматтар сәуірде екінші төлемін алған.
5 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 4 миллион 478 мың әлеуметтік төлем тағайындалды.
"Оның ішінде алғашқы айда – 3 миллион 734 мың, екінші айда – 744 мың", - деп мәлімдеді ведомстводан.
5 мамырдағы жағдай бойынша 42 500 теңге алуға 8 миллион 32 мың азамат өтініш берген.
Өтініштердің ең көбі Алматы облысынан – 1,4 миллион, Түркістан облысынан – бір миллион, Алматыдан – 897,2 мың, Нұр-Сұлтаннан – 595 мың, Шымкенттен 535 мың түсті.
Әлеуметтік төлем мына санаттағы адамдарға беріледі:
- жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген жеке кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері;
- карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері;
- жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын азаматтар;
- Салық кодексінің 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеуші жеке тұлғалар;
- қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін, салық агенттері міндетті зейнетақы жарналарын төлеген азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар;
- жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген коммерциялық емес заңды тұлғалардың қызметкерлері.