Саясат

«Сайлау» және «Саяси партиялар» туралы заң өзгереді

Сенат "Саяси партиялар" және "Сайлау туралы" заң жобасын мақұлдады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

21 мамырда парламенттің жоғары палатасы "Сайлау" және "Саяси партиялар" туралы конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын мақұлдады.

Заң жобаларына сәйкес, саяси партияларды тіркеу үшін бұрынғыдай 40 мың емес, 20 мың мүшесінің болғаны жеткілікті. Бұған қоса, құжат партияларды мәжіліс және мәслихат депутаттарына кандидаттардың тізімін жасақтау кезінде әйелдер мен жастарға 30 пайыздық квота қарастыруды міндеттейді.

Бейсенбі күні сенат отырысында заң жобаларының "елдің қоғамдық-саяси өмірі үшін өте маңызды екені" жиі айтылды. "Заң жобалары көппартиялық жүйені нығайтады", "әлемде универсалды сайлау жүйесі жоқ" деген тұжырымдар бірнеше рет қайталанды.

Сенатта баяндама жасаған әділет министрінің міндетін уақытша атқарушы Наталья Пан заң жобаларының ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері, саяси партиялар, жастар арасында талқыланғанын айтты. Әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызғанын жеткізді.

Қазақстанның саяси партияларының даму жолына тоқталған сенат депутаты Марат Бақтияров "мысалы, 1996 жылы қабылданған "Саяси партиялар" туралы дербес заң бойынша саяси партия құру үшін еліміздің кез келген жерінде тұратын 10 адамның бастамасы және партияны тіркеу үшін 3 мың мүшесі болса жеткілікті болатын" деді.

"Соның нәтижесінде 2002 жылы 19 саяси партия тіркелді. Олардың көбінің аты бар, заты жоқ еді. Партиялар санының осыншама көптігіне қарамастан елде көппартиялы жүйе болды деп айта алмаймыз" деді.

Қазіргі заңнама бойынша партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 20 желтоқсанда "ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің" отырысында партия құруға қажетті адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту қажеттігін айтқан.

Қазақстанда партия құрғысы келетін азаматтар тіркеу кезіндегі бюрократиялық кедергілерден бөлек қуғындалатынын айтып, жиі шағымданады. Былтыр қазан айында Жанболат Мамай бастаған белсенділер "Демократиялық партия" құратындарын, құрылтай съезін өткізетінін жариялаған. Кейінірек "Демпартия" жақтастарына қысым жасалғандықтан съезді өткізбейтінін хабарлады.

Азаматтық белсенді Санавар Закирова да 2019 жылдың басынан "Наше право" партиясын құратынын мәлімдеп, кейінірек "билік партияға құруға кедергі келтірді" деп шағымданған. Бұл мәлімдемеден кейін "Нұр Отан" мүшелері бірнеше белсендіні сотқа берді.

Қазіргі кезде Қазақстанда ресми тіркелген алты партия бар. Парламентте үш партияның өкілдері отыр: бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы, билікшіл "Ақ жол" және "Коммунистік халықтық партиясы".

Азаттық радиосы