Bugin
Апат салдарынан екі полицей көз жұмды
Оқиға дүйсенбі таңертеңгі сағат 05:26-да Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ықшамауданында болды. Жаңа Ғасыр көшесімен қиылыста, Кожабекова көшесімен солтүстік бағытта келе жатқан "BMW" маркалы автокөліктің жүргізушісі, 1992 жылы туған А. есімді қала тұрғыны №4 бақылау-өткізу бекетіне соқтығысқан.
Көлік алдымен бетон қоршауға барып тиген, содан кейін инерциямен патрульдік көлікке соқтығысқан. Ал патрульдік көлікте екі полиция қызметкері отырған. Патрульдердің бірі, 42 жастағы Жалғас Жанғазиев алған жарақатынан жедел жәрдем келгенге дейін жан тапсырды. Оның әріптесі Дастан Абдықанов жақын жерде орналасқан ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.
"BMW" жүргізушісі қамауға алынды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Екінші полицей де көз жұмды
Алматыда Көксай шағын ауданындағы блок бекетте жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен екінші полиция қызметкері көз жұмды. Бұл туралы полицияның баспасөз қызметі хабарлады.
"Оның әріптесі Дастан Әбдіқанов аса ауыр халде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілгенімен, ол да есін жимастан көз жұмды", – делінген баспасөз хабарламасында.
Ерлан Тұрғымбаев блокпоста көз жұмған полицейлер туралы айтты
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан полиция аға лейтенанты Жарас Жанғазиев пен полиция сержаны Дастан Әбдіқановтың отбасына көңіл айтты.
«Қайғылы жағдайда қаза тапқан полицейлер төтенше жағдайдың ерекше режимінде 2 айдан астам уақыт жұмыс істеді. Олар күнделікті қызметтерінде карантиндік шараларды қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті қорғады. Аға лейтенант Жарас Жанғазиев Алматы қаласының патурльдік полиция полкінің инспекторы болып жұмыс істеді. 19 жыл бойы қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, мінсіз қызметі үшін бірнеше мәрте ынталандырылды, оның ішінде ведомстволық наградалар алды. Көптеген жас полицейлер үшін тәлімгер әрі үлгі бола білді. Жарас Жанғазиев өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, сонымен бірге жақсы әке еді. Оның артында екі қызы мен үшінші сәбилерін күткен жары қалды», - деді Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның Telegram каналында.
Министрдің атап өтуінше, полиция сержанты Дастан Әбдіқанов 4 жылдық қызмет жолында өзін жауапкершілігі мол, ұстанымы берік әрі тыңғылықты орындаушы қызметкер ретінде көрсете білді. Өткен жылы ғана шаңырақ көтерді және бір ай бұрын ғана қызы дүниеге келген болатын.
Бақытжан Сағынтаев блок-бекетте қайтыс болған полиция қызметкерлерінің жақындарына көңіл айтты
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев өз міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты. Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қайтыс болған азаматтардың отбасына жан-жақты қолдау көрсетіледі.
«Блок-бекетте міндеттерін атқарған және ЖКО салдарынан қаза болған полиция қызметкерлері Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановтың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», - деп жазды Twitter-де Бақытжан Сағынтаев.