Қоғам

Мәскеу туралы қазақша айтайық

Мәскеуде екі қыз қазақ тілін үйреніп қызықты видео мен сұхбаттар жасайды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Барлықтарыңызға сәлем!

Біз, Анастасия Решетникова мен Елизавета Осипова, - Москва қазақша бағдарламасының авторларымыз. Осы жобада біз Мәскеу қаласы туралы  қазақша айтамыз. Қазақ тілі біздің ана тіліміз емес, қазақ тілін Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде үйрене бастадық.

Бізге кеңінен ашылған қазақ әдебиеті, тілі және оқытушыларымыздың әңгімелері арқылы Қазақстан мен оның халқын, мәдениетін жақсы көріп кеттік.  Университетті аяқтағаннан соң да қазақ тілін үйрену және осы тілде қызықты дүниелер жасау жөніндегі шешім бізге өзімен-өзі келді.

Москва қазақша жобасы тек қана Мәскеу немесе тек қана қазақ тілі жөнінде деп айтуға болмайды. Демек, ол өз ішінде бәрін Мәскеуді де, Қазақстанды да,  қазақ тілі мен орыс тілдерін де  қамтитынын атауынан байқауға болады. Жобада біз екі тілде де сөйлейміз: мысалы, Мәскеудің көрікті жерлерін қазақ тілінде сипаттасақ, қазақстандық БАҚ және мәдениет қайраткерлерімен орысша да, қазақша да сөйлесе береміз.

Біздің жобамыздың басты мақсаты – екі ел арасында мәдени көпір жасап, Қазақстан мен Ресей арасындағы байланысты нығайту. Қазақ тілін қолдап, халықтар арасындағы мәдени қарым-қатынастарды қолдау үшін, біз Москва қазақша бағдарламасын жасадық, бұл - тез дамып жатқан әлемде өте маңызды деп санаймыз.

Біз қазақ тілін толықтай білмейміз. Бірақ  біз ешнәрседен қорықпай,  сөйлегенде қате жіберсек те осы жобаны жасау арқылы  ең бастысы талпыныс пен тілек екенін көрсеткіміз келеді.  Әрине біз қазақ тілін оқу мен үйренуді әрі қарай жалғастырудамыз – қазақ тілінде қызықты жәйттар өте көп.

Бұдан басқа жобамызда біз ресейліктерге еуропа тілдері, араб, қытай сынды кең таралған тілдерден басқа көрші ТМД елдерінің тілдерін де үйренген қызықты екенін дәлелдегіміз келеді. 

Жобаға байланысты барлық жұмыстарды  өзіміз жасаймыз. Сценарий жазамыз, шығарылымдар түсіріп, видео монтаждаймыз, сұхбат алу үшін адамдар іздейміз, сонымен қатар әлеуметтік желілердегі контентімізді де дамытып, өз тыңдармандарымыздың көңілінен шығуға тырысамыз.

Болашақта жобамызды одан әрі кеңейтіп, оны жаңа айдарлармен толықтырғымыз келеді.

Сіздерге қызықты болады деп үміттенеміз!

Біздің Youtube-каналымыз мына сілтемеде, біздің Instagram-парақшамыз мынау