Білім және ғылым
Ізденіс пен пайым
"Кітап - ақылдың кілті" деп қарастыруға болатын асыл қазына. Жан-жақты көзқарастың ашылып, өрбіп дамуына септігін тигізетін құралдың бірі-кітап болып саналады.
Көп ізденіспен қызыға оқып, парақтап пайымға келетін кітаптың құнды дүние екенін санамыздан таса қылмауымыз керек. Білімнің бұлағына айналған әрбір сөзіне мән берсек, өмірдің сыры мен қыры ашыла түсердей.
Кітаптың бізге берер дүниесі мол. Біз қанша тың туындыдан нәр алып, келешекте жемісін көре аламыз. Ол сөзге дәйек бола алатын Мұзафар Әлімбаевтың мына өлеңін тілге тиек етсем:
Кітап та – алма ағашы
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы
Кітабыңның әр бетін, - деген екен ақиық ақын.
Біз кітап туралы ойларды көп естіп жатамыз. Соның бірі қоғам қайраткері , жазушы Шерxан Мұртаза "Мәдениеттің мәйегі- кітап " деген екен. Мен бұл сөзінен ұлылықты ұқтым. Барша мәдениеттің, өнер мен өмірдің баспалдағы кітаптан бастау алады дегендей ой түйдім. Егер де кім қанша кітап оқыса, соншалықты мәдениетті адам болып саналады. Өз ойымды дәлелмен мысал келтіретін болсам, адам оқи отырып өзін дамытады.
Қанша көп кітап оқыған адам, соншалықты деңгейде білімі толастап, арнасынан асып, өз ортасының мәдениетті адамы болып саналады. Мысалы кезіндегі қаншама көзі ашық, көкірегі ояу тұлғаларды алсақ, көп кітап оқығанының салдарынан өзіндік дара тұлға атанып, артынан өшпестей із қалдырды.
Мәдениетіміз бен өркениетіміздің өзектілігін кітап оқып қана аңғара аламыз. Өз басым маған кітап оқыған адам мен кітапқа жат адамның арасы жер мен көктей сезіледі. Ақылдың дария болуы кітаптың құзырында деп ойлаймын. Себебі ақын, өз заманының заңғар тұлғасы Абай:
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге, - деген екен. Олай болса өз мүмкіндігімізге қарай, санамызды сергітіп кітап оқуға бет бұрсақ, болашақтың бұлыңғыр болмауына кепілдік беруге болады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірсем, біз кітапқа деген құштарлықты арттыруымыз керек. Жан азығы саналатын кітапты оқып, уақыт бөлсек, тың ойлардың иесі бола аламыз. Ал, тың ойлар бізді биікке жетелейтін даңғыл жол екеніне бек сенімдімін.