Bugin
Абайдың оқу-білім туралы өлеңдерінің тәрбиелік мәні
Абай - қазақ жазба әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар өшпес тұлға. Оның шығармалары қазақ әдебиетінің даму жолында айрықша орын алады. Қай шығармасын алып оқысақ та, адамға ой саларлық терең мағынаның жатқанын байқаймыз. Қанша уақыт өтсе де, ұлы ақынның мұрасы еш уақытта өз маңызын жоғалтпақ емес.
Ақын өлеңдерінің басым көпшілігі оқу-білім, ғылым тақырыбына алтын арқау болып өрілген. Өз заманындағы халықтың надандығы мен сауатсыздығына күйіне отырып, ішкі жанайқайынан туған ойларды Абай өз өлеңдерінде шебер суреттей білген.
"Ғылым таппай мақтанба" атты өлеңінде артық ыржың мен өсектің, мақтаншақтық, еріншектік пен ысырапшылдықтың адамға үлкен зиянын тигізетінін ескерткен ақын:
"Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой ", - деп "бес асыл істі" бойға сіңіру керектігін айтады. Абай көзқарасы бойынша, өмірде мақсатқа жеткізетін нәрсе - оқу-білім мен үнемі ізденіс. Көп оқып, көп білген еш уақытта артық болмайды, керісінше сол арқылы кедергілердің кілтін табуға болады.
"Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім.
Ер жеткен соң түспеді уысыма,
Қолымды мезгілінен кеш сермедім",- деп ақын өзінің ғылым жолына кеш келгеніне өкініп, халықты білім қууға шақырады. Сондай-ақ, Абай ғылымның алар орны ерекше екендігін айтып, ақыл мен қайратты, жүрек үшеуін соған жүгіндіреді.
" Ақыл да жоқ, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ, біреуінсіз
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек", - деп ғылымның адам өмірінде маңыздылығына баса назар аударады. Оқу-білім - сарқылмайтын қазына. Білім жолында қайрат пен үлкен еңбектің, төзімділіктің керектігін Абай өз туындыларында кеңінен түсіндірген.
"Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл, артық білуге.
Артық білім кітапта
Ерінбей оқып көруге ",- деп айтқан ақын талпыныс пен еңбекті оқу-біліммен ұштастырады.
"Шын хакім, сөзің - асыл,баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес",- деп Мағжан Жұмабаев айтқандай арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де Абай мұрасы еш маңызын жоғалтқан жоқ. Әлі күнге дейін оның терең мағыналы туындылары халық арасында насихатталып келеді. Әсіресе, әртүрлі ғылым саласын меңгеруді қажет ететін бүгінгі жаһандану заманында Абайдың білім, ғылым туралы ойларының мәні өте зор.
"Білекке сенген заманда
Ешкімге есе бермедік.
Білімге сенер заманда
Қапы қалып жүрмелік", - деп Абылай хан айтқандай, Абай өлеңдерімен сусындап, білім қуып, талмай еңбек етсек бәсекелестік қайнап тұрған заманда "мыңды" жеңетінімізге сенімдімін.
Абсатар Аружан
180 ЖББ мектептің 11-сынып оқушысы
Алматы қаласы