Қоғам

Шетінен дүмше молдалар

Дін білмейтін дін айтса...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып бір жазбаға көзім түсіп кетті. Онда білгішбай біреу қыз бала үйінің төрінде тығылып, жұртқа көрінбей отырса бақытты деген ойдағы сөздер айтылыпты. Сол жазбаны оқып болған соң, мына бір «білгіштің» «терең философиялы ойына» адамдар нендей пікір білдіріпті екен деп, пікір алаңын оқи бастадым. Оның сөзін жақтағандар да болды, даттағандар да болды, бірақ жақтаушылары көп екен. 

Сонда бұлай жалғаса берсе, еліміз дамымайтынын түсіндім. Неге халқымыз интелектуалдық өнімдер шығармайды, неге өз ғарыш айлағын өздері пайдалана алмайды, неге өз мұнайын өзі ғана өңдеп, сата алмайды, неге технологияларды өркендетпейді, неге қалалар стандарттарға сай келмейді деген сұрақтарға жауап таптым. Өйткені, олардың ол сұрақтарды ойлауға уақыттары жоқ, ойлайтындары тек Шыңғыс хан қазақ па, қыздарды қалай орандырып қоямыз, әншілер киімін қаншаға сатып алды, ана туысым тойды меннен де керемет өткізіп қоймай ма, «Қалаулымның» кешегі бөлімі не болды екен деген сияқты болмайтын сұрақтар.

Осылар адамның қай мінезідері көркем деген сұраққа жауап бере ала ма екен? Қызды қанша үйге тыққаныңмен, қанша жерден орандырып қойғаныңмен, өзіңде ашық киінген қыздарға қарамай жүретін мінез бар ма? Сол емес пе маңыздысы!

Дүмшелер азып тозудың 90%-ын әйелден көріп, соларды ғана айыптай береді. Соғыс оты өршіп тұрса да Таяу Шығыстағы адасқан ағымдағылардың шариғаты әлі күнге дейін әйел затымен күресіп әлек болуда. Жазаның да небір ауыр түрлерін, негізінен, солар тартады. Бір еркек пен әйел зина жасап қойды делік. Еркекке әрі кетсе дүре соғады, ал әйелді аямай, таспен атып өлтіреді. Қыздың орамалсыз жалаңбас жүруін еркектің ойын бұзатын амал санайды. Мына бір қызыққа қараңыз: жаңағыдай таяз таным қазақ мәдениетіне сіңбеген. Халық арасында «Сарттың қызы бет-аузын бүркеп жүреді, бәлесін артына тіркеп жүреді. Қазақтың қызы дидары ашық жүреді, бәле-жаладан қашық жүреді» деген сөздер бар.

Шығыстың атақты шайыры Низами «Ескендір» дастанын жырлағанда мынадай қызық аңыз қалдырады. Ескендір Жейхун (қазіргі Әмудария) дариясынан өткенде бір кедергіге тап болады. Тұран даласының қыздары шетінен сұлу екен. Ажарлы әйелді көргенде Ескендірдің әскерінен маза кетті. Ойы бұзылып, жорықты тастап, осы жерде қалып қойғысы келді. Сол кезде Ескендір Тұран қарияларын шақырып:

– Қыздарың сұлу екен, бірақ беттерін бүркемейді, шаштарын жаппайды. Әйел сұлу болған соң әркімнің көзі түседі. Әйелі бұзылып, еркектің намысы тапталмай ма? Бетін бүркеп жүргені жөн емес пе? - деді. Қариялар:

– Біз осы уақытқа дейін еркектің намысын аяқасты етпей, азғындамай-ақ өмір сүріп келеміз. Біздің елде әйел бетін жаппайды, керісінше еркек құмарлығын тежейді, - дейді.

Аңыздағы осы ой экзистенция тұжырымымен үндеседі. Азғындықты әйелден көру – инфантилист қоғамның көрінісі.

Құмарлығын тежемейтін дүмшелер үнемі әйелдің тұмшаланып жүруін талап етеді. Әйелдің бет-әлпетін бүркеп тастау – ер кіндіктінің бойындағы еркіндік феноменін жоққа теңеу, яғни еркекті ұрғашы көрсе ырықсыз шаба беретін малға теңестіру.

Шынымен, орандыр, үйде отырсын дегендер таза инфантилисттер. Инфантилист деген – санасы бала деңгейінде қалып қойғандар. Дүмше молдалар кәмпит пен құмырсқаны мысалға келтіреді ғой, мен де соны мысалға алайын. Кәмпит үстелдің үстінде тұрғанда бала оны жеп қойса үлкендер «тиме деп едік қой, неге жейсің» деп ұрысып жатады. Ал үлкен кісі ше, ол жеп қойса не болады? Оның «ол кәмпит өзі көрініп жатты, тығып қоймайсыңдар ма» деп өзіңе кері шабуылдағаны тап-таза ақымақтық, шалалық-балалық емес пе!?

Ол кәмпитті көрінбейтін жерге қой деп сылтау тапқанындай, қызды неге көрінбейтін жерге қоймайсыңдар деп жүргендер көп қой. Олар өздерін тия алмағандығы, өз бойын таза ұстай алмағандығы, мінездерін көркем қыла алмағандығы. Мәдениетті, дінді неге арабтан іздейсіңдер, түркі бабаларымыздан қалған өзіміздің Исламымыз бар ғой. Өзгенікін танымас бұрын өзіңде барды неге бір саралап шықпайсың? Қазір бәсекелестік заманы, технологиялардың заманы. Шетелден ойыңды бұзатын қисық мәдениетті алып келгенше, неге олардың білім-ғылымын игеріп, әкелмейсің? Әлде оған шамаң жетпей ме, әлеуетіңнің шегі қызды қамап, орандырып қоюға ғана жете ме?

Көбісі қасиетті Құранда Алла Тағала: «Уа, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және иман келтіргендердің әйелдеріне айт: үстеріне жамылғыларын түсірсін...» («Ахзаб» сүресі, 59-аят) деп бұйырғандығын негізге алады. Адам Ата мен Хауа ана Жерге түсірілгенде үстерінде қандай киім болды? Тиым салынған жемісті жеп, жұмақты былғағаны үшін онан қуылып, Жереге түсірілгенде Адам Атада інжір берген үш жапырақ, Хауа анада інжір берген бес жапырақ киім ғана болды. Байқасаңыз адам сүйегі де сол келген киімімен жер қойнына табысталмай ма. Артық бір жіп те ала алмайды. Алла Тағала Хауа ананы ақ матамен орандырып қойғанына дауым жоқ. Бірақ ол тек жұмақта жүрген кездерінде ғана. Адам Атаға оны айттырып, түрін көрсетпес бұрын Ібіліс азғырып кетпесін деп ақ матамен тұмшалап қойған. Ал жоғарыдағы діншілдер осындай қиссаны естуі бар ма екен? Әлде бұны ширк деп шығады ма екен?

Дүмше дегеніме ренжіп, «ертең ақтық сапарға шығарда сол дүмше молдаға зәру болып қалма» дейтіндер бар. Тақырыпты дұрыстап оқыңдаршы, «Молалар шетінен дүмше» деп тұрған жоқ қой. Менің дәл қазір айтып отырғаным барлық молдаларға сілтеп отырған  сөзім емес. Бұған, тіпті молда еместер де кіреді. Дінді анау жерден, мынау жерден оқып алып, өздерін білгіш санап кетеді де, аузына келгенін айтады. Мән мағынасын айырып алмайды. Арабтың мәдени соғысының құрбаны болады. «Аңқау елге арамза молда» деген сөз бар ғой. Дәл соның кебін киеді. «Кимешекті неге киеді, кім киеді?» десең жауап бере алмайды да, «анау неге арабтың хиджабын киіп алады?» десең, ол хиджаб емес, никаб, паранджа дегені де бар, тағы андай бар, мындай бар деп түр-түсін ажыратып береді. Әр елдің екінші бір елмен соғысудағы мақсаты соларға өзінің құндылықтарын енгізу. Ал біз тек материалдық байлығын иелену деп ойлап жүрміз. Негізінде, ұлттық құндылығын әлемге жайып, өз мәдениетін тарату – соғыстағы нағыз жеңіс. Кәрістің әнші, әртіс жігіттеріне қазақ қыздарының қызығуы да осы бір соғыстың бір бөлігі.

«Расында, барлық амалдар ниетке байланысты»: міне, қай хадистер жинағын алсаңыз да осы сөзден басталады. Демек әр адам өзінің ниетін түзесе, қоғам да түзеледі деген сөз. Қыздың ниеті түзу болса, еркектердің көзін өз тәніне түсіретіндей киім кимес еді. Еркектердің ниеті түзу болса, қыздарға сұқтанып қарамас еді. Осы рухани келісім сақталса, дауласып не керек?

Негізі, діннің өзін теріс пиғылда пайдаланатындар көбейіп кетті. Олардың ниеттері арам. Мысалға, біздегі мешіттер садақа жәшіктеріне салынған ақшаларды қайда жібереді? Есебі жоқ! Кешегі болған апаттарда олар халыққа не бере алды? Тек бір-екі мешіттің көмегін ғана көрдік, қалғандары үнсіз. Иә, жақсылықты үнсіз жасау керек, бірақ ол өзің жасаған жақсылық қой. Ал, бұл халықтың жәрдемге мұқтаж ағайынға берген қаржысы. Бұның есебі болуға тиіс. Арабтардың өзі қажылықтан қаншама пайда көріп отыр? Африкадағы мұсылман балалар аштықтан өліп жатқанда, қажылықтан не пайда көресің? Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атамыз айтқандай, ата-ананың разылығын алудың өзі немесе Жиембет жыраудың Би Темірге айтқанындай, жылағанды уатып, құлағанды көтеруіңнің өзі қажылықпен тең емес пе!? Қажылық сапардың түпкі мәні – Аллаға берген уәделеріңнің қара тасқа барғанда есіңе түсуі, иман келтіруді ұмытпауда жатыр. Сондай діннің терісін жамылған дүмшелердің сөзіне қашанғы илана береміз!? Онданда білім соңына түсіп, адамзат игілігіне жарайтын істер жасамаймыз ба!?

Алла адамды не үшін жаратты? Өзінің орынбасары болсын деп емес пе? Періштелермен ілім-білім сайысын жеңіп, өзінің ең озық жерін көрсетпеп пе еді? Қаншалықты білімді болсаңдар, Аллаға да соншалықты жақын боласың. Білімді деген барлық жағынан сауаттылық: дін болсын, саясат, қоғам, әлеумет, ғылым, медицина болсын. Бұл жүрек көзімен Алланы тануға еш кедергі емес, керісінше көмек болады. Қыздың да құдай жолында ерімен бірге оқып білуге, ел көруге, жер көруге құқығы бар. Ібілістің арбауына түспейтіндері ғана көркем мінезді, олар өздерін тия алады. Сондықтан өтірік діншіл бола қалмайық. Барлық мәселені өзімізден бастайық. Өз бойымызды тазалап, өз ойымызды мазалап, рухымызды биік ұстайық.