Алматы
Adal bilim
2020 жылдың 12 маусымында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектеновтің төрағалығымен ЖОО-да сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа тетіктерін түсіндіру бойынша онлайн кеңес өткізілді.
Аталған іс-шара жұмысына білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов, еліміздің 116 ЖОО-ның ректорлары мен басшылары, сондай-ақ «Adal bilim» және «Sanaly urpaq» жобалық кеңселерінің басшылары қатысты.
Олжас Бектенов атап өткендей, Агенттік адам капиталын дамытудың негізгі платформасы ретінде білім беру саласына ерекше көңіл бөледі.
Осылайша, еліміздің барлық оқу орындарында парасаттылық идеологиясын ілгерілететін 8 мыңға жуық жастар бірлестіктері, «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» клубтары жұмыс істейді.
Тоқсан сайын «Парасаттылық сағаты» республикалық акциясы өткізіледі, оның барысында Агенттік қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздерін егжей-тегжейлі түсіндіреді және оқушылар мен студенттермен интерактивті әңгімелер өткізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары стандарттары бар 11 қазақстандық ЖОО Академиялық адалдық лигасына бірікті. Оған ұқсас жалпы білім беру және орта-арнайы мекемелер үшін Парасаттылық мектептер лигасын құру бастамашылық жасалды.
Кеңес барысында Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп әзірленген ЖОО-да ашықтық стандарты мен Мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу әдістемесі таныстырылды.
Мирас Дауленов өз сөзінде білім беру саласындағы парасаттылық ұғымы, осы саланы дамытудың негізгі принципі ретінде НҚА-да алғаш рет енгізілгенін айтты.
Оның айтуынша, парасаттылық мәдениеті ЖОО-ның тиісті құрылымдық бөлімшелері, атап айтқанда, ректорлардың қабылдаған шешімдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт талаптарына қаншалықты сәйкес келетіндігін қадағалайтын комплаенс қызметтері арқылы дамытылатын болады. Оның ішінде гранттар мен жатақханалардағы орындарды бөлу, профессорлық-оқытушылық құрамды жалдау және т.б. мәселелер.
ЖОО-ның ректорлары жұртшылық алдында есеп береді, маңызды шешімдер алқалы түрде қабылданады.
Өз кезегінде Агенттіктің Превенция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі офицері Айнагүл Кәріпова және «Adal bilim» жобалық кеңсесінің талдаушысы Оксана Возняк ЖОО-дағы мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу әдістемесі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.