Көзқарас

Кәсібилік пе, кәсіпкерлік пе?

Үкіметке жұмыс істемеу

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазіргі уақытта бизнес әлемі көп насихатталатын бағытқа айналды. Сәйкесінше адамдардың көбі дерлік кәсіпкерлікке бет бұрды. Бұған жұмыссыздық мәселесі де себеп. Дегенмен, мемлекетті дамытудың басқа да жолдары бар. Кәсібиліктің бұдан шет қалмайтыны анық. Бізге қазіргі уақытта қай сала маңызды, осы турасында өз пікірімді айта кетсем.

Бірде досыммен әңгімелесіп отырмын. Әңгіме арасында кәсіпкерлік туралы да қозғалды. Сол кездегі досымның айтқаны:

– Менің атам уақытында кәсіппен айналысқан. Үкіметке жұмыс істемеген. Менің де қанымда сондай мінез бар. Үкіметке емес, өзіме жұмыс істегім келеді.

Сол кезде маған "үкіметке жұмыс істемеу" деген сөз қызық естілді. Үкіметке, жалпы біреуге жұмыс істеу дұшпанға жұмыс істеу секілді көрінді ме екен? Әйтеуір "өзіңе жұмыс істе" деген сөз жақсы жағынан әсер еткен еді. Оның үстіне, қазір жетістікке жеткен тұлға десе, бірден көз алдымызға кәсіпкерлер елестейтін заман болды ғой. Мен де біраз уақыт осындай көзқараста жүрдім. Дегенмен, бұл ойымды Ерлан Әшім ағамыздың мына сөзі өзгертті:

– Тек кәсіпкерді ғана жетістікке жеткен адам деп айтуға болмайды. Мықты мұғалім болса, мықты ғалым болса, мықты шебер болса, міне, солар да - жетістікке жеткен адамдар. Менің бір хирург досым бар. Қаншама науқастың өмірін құтқарды. Менің ойымша, мың қызметкері бар маған қарағанда мың кісінің өмірін құтқарған сол досымның жеткен жетістігі көп. Сондықтан кәсіпкер ғана емес, әрбір өз ісінің шеберіне айналған, көпке пайдасы тиген кісіні жетістікке жетті дей беруге болады... Кәсіпкер болмасаң біреуге жұмыс істейсің деген пікір де қате. Ешкім ешқашан біреуге жұмыс істемейді – өзіне жұмыс істейді. Даяшы, я дүкенші болып жүрсің бе, бәрібір өзің үшін жұмыс істеп жүрсің. Жақсы істесең, бір нәрсе үйренесің, дамисың, өсесің – өзіңе пайдалы. Жаман істесең, кері кетесің, уақытыңды жоғалтасың, жұртқа сүйкімсіз боласың – өзіңе зиян.

Қорыта айтқанда, елімізге кәсіпкер де, кәсіби маман да керек. Маңыздысы, әркім өз жұмысын тиянақты, сапалы атқарғаны. Ал, ол үшін әркім өзінің қай салаға қабілетті екенін анықтауы керек.