Шымкент
Мереке
Еліміздің еңсесі, мемлекетіміздің мақтанышына айналған Елорда күні. Әлемдік аренада мәртебемізді биік етіп тұрған бұл қаланың қалыптасуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Мұны бүкіл қазақ елі біледі.
Н.Әбішұлының еңбегін тек Елордамызбен ғана байланыстыруға болмайды. Данышпан, көреген тұлға бұғанасы қатпаған Қазақстан елін бүкіл әлемге әйгілі етіп, талай қилы заманды бастан кешкен ата-бабамыздың арманын орындады. Яғни, Мемлекетіміздің Президенті тұсында танымы терең тұлға тарихтың жаңа парақтарын ашты. Біз бұл тарихи кезеңге куәміз. Еркіндіктің ескен самалы самайымызды сипап өткенде, бойымызды ерекше қуаныш билейді.
Бүгінде Қазақстан әлемдегі дамыған мемлекеттермен терезесі теңесіп, қадамын қатарласып басып келеді. Бұл, ең алдымен, Елбасымыздың салиқалы саясатының жемісі дер едім. Дүйім жұрт қызыққан Елордада жаhандық маңызы бар саяси шаралардың өтуі – сөзімізге дәлел. Оған қоса, Н.Назарбаевтың әлемдік аренада абыройы асқақ екенін айтқым келеді. Бірлікке шақыратын саяси шешімдері үлкен державалардың қызығушылығын оятып, Елбасының мәртебесін арттырды. Әлемді әбігерге салған індет Н.Әбішұлына соқтыққан сәтте төрткүл дүниенің әр тарапынан мемлекет басшылары ізгі ниетпен хаттар жіберді. Тілеулестік танытқан бұл хаттар еліміздің зиялы қауымынан, дәрігерлерінен, жастарынан, жалпы қазақстандықтардан көптеп түскенін өзі де айтып өтті. Шегі жоқ бұл қошеметтер Елбасының дара тұлға, көреген басшы екенін дәлелдейді.
Сөз соңында қазақстандықтарды Елорда күнімен құттықтай отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбевқа ұзақ өмір тілеймін! Мемлекетіміз мәңгі болғай!
Ақмарал ОМАР,
№3 Шымкент қалалық емхананың бас дәрігері