Алматы
Заң
Алматыда қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбында онлайн-отырыс болды.
– Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік мекеме басшылары өзінің қызметі мен міндетіне абыроймен, шынайы ниетпен кірісе отырып, мекемедегі жемқорлықтың алдын алу мәселесіне де мән беруі тиіс, – деді қала әкімі отырыста.
Кеңеске Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Нығмеджан Сапаров және жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы қол астындағы басшылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жауапкершілігін арттыру, сыбайластық әрекеттер үшін тиісті шаралар қолданбай жатқандығы тұрғысында баяндама жасады.
– Былтыр қараша айында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Заңда мемлекет орган мен мекеме басшыларының қызметкерлері жасаған жемқорлық әрекеттерге жауапты деп бекітілген. Министр мен оның орынбасары, облыс, қала және аудан әкімдері мен орынбасарлары сынды мемлекеттік саясат қызметкерлері мекемесінде сыбайлас жемқорлық әрекеттері анықталған жағдайда сот үкімінен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуі тиіс, - дейді Нығмеджан Сапаров.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы мекеме басшыларына жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жасауын, қылмысқа себеп болар факторларды анықтауына мән беруін тапсырды.
- Мәселен, сыбайлас жемқорлық әрекет тәуекелдеріне талдау жүргізіліп, мемлекеттік органда жемқорлық деңгейі өскен жағдайда, мекеме басшылары тәртіптік жауапкершілікке тартылады, - деп атап өтті Нығмеджан Сапаров.
Кеңес барысында, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігі, ашық бюджеттердің publicbudget.kz интерактивті картасын іске асыру мәселелері, мемлекеттік сатып алу кезінде бағаны көтеру деректерін анықтап, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды және «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы жымқыру болдырмау туралы айтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барлық мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын қатаң сақтауды ескертті және бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Мемлекеттік органдардың басшыларына қызметтің ашықтығы мен айқындылығын арттыру, интерактивті картаны одан әрі іске асыру бойынша бақылау жүргізу, мемлекеттік сатып алуды өткізу бойынша жұмысты жандандыру тапсырылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді шаралар әзірлеу ұсынылды.