Алматы
Сыбайлас жемқорлық
Түркістан облысы мен Алматы қаласының тұрғындары жемқорлық фактісі жайлы хабарлаудан ел өңірлері арасында алғашқы орында. Бұл жайлы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Данияр Бигайдаров хабарлады.
Оның айтуынша, жемқорлық фактісі жайлы хабар беретін елдің бірыңғай call-орталығына 2020 жылдың басынан бері 5 айдың ішінде 342 хабарлама келіп түскен. Түскен хабарламаның 32-сі бойынша қазірдің өзінде қылмыстық іс ашылған.
- Call-орталыққа жемқорлық жайлы келіп түскен хабарламалардың көбі – Түркістан облысынан (64), Алматы қаласынан (45), Алматы облысынан (41) және Шымкент қаласынан (30), - дейді департамент басшысы.
Данияр Бигайдаровтың дерегінше, ішкі істер органдары қызметкерлерінің, әкімдік мамандары, білім беру, денсаулық сақтау және кеден органдары, салық басқармасының қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жайлы келіп түскен хабарлама көп.
- Азаматтардың хабарлауынша, құжаттарды беру кезінде пара алу мен пара берудің, бопсалау жиі болады. Шағын мәселені шешу үшін пара береді. Мәселен, жол ережесін бұзған не жол оқиғасына түскен кезде пара беретін көрінеді, 25 мың теңгенің айыппұл төлеудің орнына пара беріп құтыламын деп миллиондаған теңгелік айыппұлға не қылмыстық жауапкершілікке тап боолуы мүмкін, - дейді Данияр Бигайдаров.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі соңғы 4 жылдың ішінде жемқорлық фактісі жайлы мәлімет берген 889 азаматқа 130 млн теңге шамасында сыйақы берген. 2016 жылы 163 азаматқа 21 млн теңге, 2017 жылы 32 млн теңге, 2018 жылы 28 млн теңге, 2019 жылы 32 млн теңге, ал осы жылы 5 айдың ішінде 90 тұлғаға 14 млн теңге берілген екен.