Weekend
Қазақ қызының үлкен жетістігі
26 жастағы жерлесіміз мұндай жетістікке қалай жетті? Алдағы жоспарлары қандай?
Бұлбұл Қартанбаева Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. 13 жасынан бастап хоккейге әуестенді. Кейін «Томирис» командасына қабылданып, жақсы қырынан танылды. Шеберлігі шыңдалды. Көп ұзамай ұлттық құрамаға шақырылады. Қазақстан құрамасының сапында жүріп әлемнің үздік хоккей лигаларының мамандарына ұнайды, білікті бапкерлер назарына ілігеді. Ал 2018 жылы канаданың «Калгари» клубынан ұсыныс түседі. Ал бір жылдан кейін америкалық «Метрополитен Риветерс» командасымен келісімшартқа отырды.
Бұлбұл Қартанбаева, АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері:
– Мұнда спортшыларды баптаудың әдіс-тәсілі Қазақстанмен салыстырғанда өзгеше. Мәселен хоккейші тапсырманы аяғына дейін орындай алмаса, оған бәрібір «Жақсы жұмыс істедің, жарайсың!» деп, жігерлендіріп қояды. Бірақ мен қызметіме жаңадан кіріскен кезде, жаттығу жоспарына қатысты өз көзқарасымды айтып, қатал болатынымды ескерттім. Хоккейшілерге менің тәжірибем ұнаса керек. Олар менен Қазақстан, Еуропа, Азия мен Канададағы хоккейдің айырмашылығы жайлы сұрап жатады.
Бұлбұлдың америкалық хоккей клубында ойнап жүргеніне небәрі 1 жыл ғана болды. Осы уақыт ішінде қазақ қызының қарым-қабілеті мен ерекше дарынын байқаған клуб басшылары отандасымызға жас хоккейшілер клубына бас бапкерді болуды ұсынған.
Бұлбұл Қартанбаева, АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері:
– Коронавирусқа байланысты хоккей маусымы аяқсыз қалды. Жарыс соңына жетпей тоқтады. Барлық спорт алаңдары жабылды. Қазір бірте-бірте жұмыс істей бастады. Алдағы жоспарым жайлы айтар болсам, ол хоккейден Ұлттық әйелдер лигасында ойнау. Осында 4-5 жыл өнер көрсетіп, бапкерлік тәжірибе жинағым келеді. Кейін туған елге оралуды қалаймын.
Туған елден жырақта жүрсе де, Бұлбұл туған-туыс, достарын бір сәтке де ұмытқан емес. Мейрамдардың ешбірін қалт жібермей, әрдайым бәрін құттықтауға асық.
Бұлбұл Қартанбаева, АҚШ-тағы хоккей клубының бас бапкері:
– Барша қазақстандықты Елорда күнімен құттықтаймын. Бәріңізге сәттілік пен табыс тілеймін. Әрдайым армандарыңызға сеніп, соған ұмтылыңыздар. Ешқашан мойымай, алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіздер. Қазақстан алға!