COVID-19

Қазақстанда COVID-19 бен пневмониядан кемінде 1589 адам көз жұмған

Азаттық есебі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметі бойынша, 7 шілдеге дейін елде COVID-19 індетінен 264 адам қайтыс болған. Бірақ коронавирус жұқтырған жүздеген марқұм ресми статистикаға енбеген. Пневмониядан көз жұмғандар күн сайын көбейіп жатыр. Мамандар мен сарапшылар елде пневмонияның күшейгенін коронавируспен байланыстырады. Азаттық пандемия кезінде коронавирус пен пневмониядан қайтыс болғандарды қосып есептеп көрді. Азаттық есебі бойынша, 9 шілдеге дейін елде осы екеуінен кемінде 1589 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми статистикасына сай, елде 13 наурыз – 6 шілде аралығында COVID-19 коронавирус инфекциясынан 264 адам қайтыс болған. 8 шілдеде Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы елде тағы 16 адам қайтыс болғанын жариялады.

2 шілдеде денсаулық сақтау министрлігі елде наурыздан бері коронавирус жұқтырған 101 адамның өлімі басқа дерттен болды деп мәлімдеді. Бұл марқұмдар коронавирус бойынша өлім-жітім статистикасына енбеген. Бірақ 101 марқұм деген ресми деректің өзі күмәнді. 29 мамырда Азаттық тілшілері әр аймақта коронавирус жұқтырған кем дегенде 72 адамның қайтыс болғанын анықтаған. Ол кезде министрлік ресми дерегінде коронавирустан 37 адам қайтыс болды деп көрсеткен еді. Содан бері бір айдан асты. Маусымнан бері ресми деректегі "коронавирустан қайтыс болғандардың" саны да бірнеше есе өсті. Сондықтан статистикаға енбеген "101 адамның өліміне" де күдік бар.

7 шілдеде Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елде коронавирус жұқтырып, қайтыс болған 110 адамның өлімінің себебін арнайы комиссия тексеріп жатыр деп мәлімдеді. Бұл өлім-жітім де ресми статистикаға қосылған жоқ.

Елде қазір пневмониямен ауырғандар мен қайтыс болғандар саны да күрт өсті. Дәрігерлердің көбі елде пневмонияның өршуін тікелей коронавируспен байланыстырады. Сондықтан біз есебімізге пневмониядан қайтыс болғандардың да санын қосып отырмыз.

3 шілдеде Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова елде маусым айында пневмониядан 628 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Бұдан бөлек, денсаулық сақтау министрлігі 29 маусым – 7 шілде аралығында Қазақстанда пневмониядан кемінде 453 адам қайтыс болғанын айтты.

Ал 8 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов брифингте аймақта наурыздан бері 82 өлім тіркелгенін мәлімдеді: 51 адам пневмониядан, 22 адам коронавирустан көз жұмған. Коронавирус жұқтырған 9 адамның өліміне "басқа дерт" себеп болған. Ал бұл кезде денсаулық сақтау министрлігі ресми статистикасында ШҚО-да коронавирустан бес адам қайтыс болды деп көрсетті. Енді қарапайым математика: 22 – 5 = 17 марқұм. Ал пневмониядан қайтыс болған 51 адам мен "өліміне басқа дерт" себеп болған 9 адамның қазасы министрлік айтқан дерекке қосылуы мүмкін, сондықтан бұл санды есепке қоспадық.

Сонымен, қазір қолда бар деректерге сай, 9 шілдеге дейін Қазақстанда коронавирус жұқтырған және пневмониядан кемінде 1589 адам (төмендегі цифрларды қосқанда) қайтыс болған.

Қазақстанда коронавирустан және пневмониядан қайтыс болғандар жайлы деректе сәйкеспеушілік көп. Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасын аптасына бір рет жариялап отыр. Министрлік мұны "марқұмдардың өлім себебін анықтайтын комиссияның шешімін жинақтап бір рет береміз" деп түсіндіреді.

Министр Алексей Цой пневмонияға шалдыққандардың және осы дерттен қайтыс болғандардың санын да жариялап отыруға уәде бергенімен, әзірге нақты статистика жоқ.

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев министрліктің коронавирустан қайтыс болғандар статистикасын аптасына бір рет жариялауын "бюрократиялық тәсіл" сипаттап, "бұл ақпарат та сенімсіздікті арттырады" дейді.

Ал "Аман-саулық" қоғамдық ұйымының басшысы, дәрігер Бақыт Түменова министрліктің ақпаратты әлі де жөнді тарата алмай отырғанын сынайды. Сөзінше, жұртты үрейлендірмеу үшін өлім санын жасыру не жинақтап беру – қателік.

– Сенде шынайы ақпарат болса, шешімді адамның өзі қабылдайды. Бірақ ол жағдайдың анық-қанығын білуі керек. Деректі бұрмалап, қиындатып немесе жұмсартып қажет емес. Мемлекет [халыққа] дұрыс ақпаратты беруге міндетті. Шынайы ақпарат алу құқығы өте маңызды. Егер шынайы ақпарат болмаса, жалған, деструктивті әрекеттер пайда болады, - дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәліметі бойынша, елде коронавирус жұқтырғандар 53 мыңнан асты, 30 мыңнан астам адам пневмонияға шалдыққан (олардың анализінен коронавирус табылмаған).

Азаттық радиосы