Weekend

Айнұр Тұрсынбаева Президентке үндеу жасады: Нәтижесі қандай?

Президентке үндеу жасаған Айнұр Тұрсынбаева қуанышты жаңалық жариялады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Халықтан жиналған ақшаға сатып алынған оттегі аппараттарын СК "Фармация" компаниясы емес, белсенділердің өздері тарататын болды. Бұл туралы айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева Instagram парақшасында жазды.

"Санаулы сағат ішінде біздің жанайқайымыз президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жетіп, мәселе оң шешімін тапты. Халықтан жиналған ақшаға алынған оттегі аппараттарын өзіміз тарататын болдық", - деп жазды ақын.

Айнұр Тұрсынбаев әлеуметтік желіде жарияланған постқа үнсіз қалмай, бірден мәселені шешуге көмектескен мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлиге, президент кеңесшісі Тамара Дүйсеноваға, денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға, сенат депутаты Дана Нұржігітке, президент аппаратына, кәсіпкер Қайрат Құдайбергенге, қоғам белсендісі Динара Сәтжанға және қолдау білдірген барша қазақстандыққа алғысын білдірді.

"Халық қолдамаса, бұл мәселе мүлдем шешілмейтін еді. Екі-үш адамның жанайқайы жетпейді. Тағы бір қуанышты жаңалық – елге 125 емес, 225 аппарат жеткізетін болдық. Қорға тағы да ақша түсіп жатыр. Тіпті, ақша жетіп жатса, 500 жіберуге мүмкіндік туды", - деп түйіндеді Тұрсынбаева.

Еске сала кетейік, айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа, денсаулық сақтау министрі мен қорғаныс министріне үндеу жолдаған еді. Ол халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппараты сатып алғанын, алайда оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, Түркияда сатып алынған аппаратты Қазақстанда СК "Фармация" компаниясы күтіп алады екен. Ал ол мекемеге ақша жинаған белсенділер сенім артпай отыр. Сондықтан ол осы аппараттарды өздері таратуға рұқсат беруді сұрады.

Артынша "СК-Фармация" Тұрсынбаеваның үндеуіне жауап берді. Компанияның баспасөз қызметі мекеме гуманитарлық көмекті қабылдаудың бірыңғай операторы болып саналғанмен, халық қайырымдылықты өз бетінше жасай алатынын хабарлады.

sputniknews.kz