Саясат
Олар қызыл түсті ұнтақ сепкен
Ведомство әлеуметтік желіде тараған "ұшақ пен тікұшақтар арқылы Қазақстан аумағында вирустық және биохимиялық оқ-дәрі шашылып жатқаны туралы" ақпараттарды ресми түрде жоққа шығарды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
"Әлеуметтік желілерге мониторинг жасау барысында ұшақтардың шөл далада қызыл түсті заттарды шашып жатқан жайлы видеоматериалдарды анықтады. Бұл кадрлар Қазақстанда түсірілгені айтылған. Ішкі істер министрлігі бейнежазбаның толық нұсқасын тексеріп, нәтижесінде бейнежазбадағы ұшақ АҚШ-та өртті сөндіруге жұмылдырылған "Tanker Air Carrier 914" ұшағы екені белгілі болды", - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, бұл бейнежазба "Goal Aircraft" әуе компаниясының Facebook-тегі аккаунтынан көшіріліп алынған.
ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің мамандары хабарлағандай, өртті боялған сумен сөндіру тәжірибесі АҚШ пен Австралияда қолданылады. Бояу экипажға алдыңғы жұмыстың нәтижесін көруге және қайтадан дәл көздеуге көмектеседі. Сондай-ақ бұл судың құрамында ағашқа сіңіп, өрттің таралуын кешіктіретін арнайы тыңайтқыш бар.
"Қаскүнемдер Қазақстанда түсірілген деп жариялаған өрт сөндіру кадрлары осы жылдың маусым айында АҚШ штаттарының бірінде өрт сөндіру кезінде түсірілген", - деп хабарлады ІІМ мамандары.
Оған ұшақтардағы белгілер, өрт сөндіру автокөліктеріндегі нөмірлік белгілер және бейнежазбаның толық нұсқасындағы өрт сөндірушілердің ағылшын тіліндегі сөздері дәлел бола алады.
Ішкі істер министрлігі жалған ақпарат таратқандар жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылатынын ескертті.