COVID-19
ДДСҰ мәлімдеме жасады
Халықаралық ұйымның бас директорының айтуынша, көптеген мемлекет әлемдік пандемиямен күрес жүргізгенде дұрыс жолды таңдамаған. Сынға іліккен елдер ішінде Қазақстан да бар.
«Егер ұлттық үкімет адам өмірін құтқару және қауіпті індетті жұқтырғандардың санын азайту мәселесін азаматтарға нақты түсіндірмесе, жағдай одан сайын ушығады. Көпшілік қол жуу, бетперде тағу секілді ең қарапайым ережелерді сақтамаса, әлдемдік пандемияның одан әрі күшеюіне жол ашып береміз», - деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, көптеген елде коронавирус қайта өршігендіктен, бұрынғы шектеу шаралары қайтадан енгізіліп жатыр. Алайда көп мемлекет өзін-өзі оқшаулауға келгенде қауқарсыздық танытып отырған көрінеді. Қазір қатерлі індетті жұқтырғандардың саны әлем бойынша 13 миллионнан асып жығылса, 570 мың адам қауіпті вирустан қаза тапқан. Коронавирус әсіресе АҚШ-та күн санап өршіп барады. Бұл елде 3 миллион 400 мың адам вирустың құрығына іліксе, 138 мың адам жан тапсырған. Бразилия мен Ресей індет өршіген аймақтың алғашқы үштігіне жайғасқан. Ал Еуроодақ елдері әлемдік пандемия тұралатқан экономиканы көтерудің жолын қарастырып жатыр. Бірақ Одақ шеңберінде қалпына келтіру жұмыстарына қажет 750 миллиард еуро көлеміндегі қор құру мәселесі кейбір елдің қарсылығын туғызды. Десе де, бұл жобаның тағдыры жұма күні шешіледі.
Азаттық рухы